Хабар телеарнасы

Премьер-министр бизнеске маңызды үндеу жасады

Премьер-министр Олжас Бектенов бизнеске маңызды үндеу жасады. Кәсіпкерлерді екі апта ішінде салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды.

Бүгінде елімізде 2 млн 300 мың салық төлеуші тіркелген. Оның 8 %-і, яғни 137 мыңы ғана қосылған құн салығын төлейді. Ал қалған 81%-і оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді. Оның өзінде көпшілігі 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді ғана көрсетеді. Бұл бизнестің арасында айналымы миллиардтаған компаниялар да бар.

Олжас Бектенов салықтан жалтарып, түрлі схемаларға баратын мұндай компаниялардың толық тізімі жасалғанын мәлімдеді. Оның ішінде ірі құрылыс компаниялары, танымал мейрамханалар мен фитнес-клубтар да бар. Егер кәсіпкерлер салықтан әрі қарай да жалтарса, талап қатаң болады,-деп ескертті Премьер-министр. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 

- Мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша Салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын. Мерзім өткен соң мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдары сынды ресурстарды қолданады.