Хабар телеарнасы

Үкімет биыл инвестициялық жобаларға басымдық береді

Биыл елімізде 19 млн шаршы метр баспана беру жоспарланып отыр. Бұл үшін қосымша 500 млрд теңге қарастырылатын болады. Бұдан өзге өнеркәсіп, жол және өзге де маңызды бағыттардағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық  ұйымдар мен отандық банктердің көмегі тартылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Жиында ел экономикасының нақты секторын дамыту мәселесі қаралды.

Үкімет биылдан бастап экономиканың нақты секторын қаржыландыруды едәуір арттыруды көздеп отыр. Бұл үшін «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Бұл шара холдингке 2025 жылы 8 трлн теңге соммасына жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Аталған инвестициялар елімізде және жаңа жобаларды құруға бағытталатын болады. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өндіріс қуаты ұлғайып, өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындары құрылады.

Ал холдинг өз кезегінде ірі бизнеске арналған кепілдік қорын құрмақ. Мұндай бастама несиелендіру ісін дамытуға және екінші деңгейлі банктердің экономикаға араласуына жағдай жасайды.

Рустам Қарағойшин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы:

- Осы мақсаттар үшін холдинг жанынан құны 7 млрд теңгеден басталатын ірі бизнеске жобаларға арналған арнайы кепілдік беру қоры құрылатын болады. Бұл қор ірі және стратегиялық маңызды жобаларға жеткілікті кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін пәрменді құрал болады.

Биыл елімізде 96,2 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде 190 жоба іске асыралады. Ал құрылыс, соның ішінде баспана салуда рекордтық көрсеткішке қол жеткізу көзделген. Тек осы жылы 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл үшін қосымша 500 млрд теңге қаралады. Қаражат жалға берілетін 21 мың пәтерлерді сатып алуға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға және Отбасы банкінің «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламалары бойынша бөлінеді. Бұдан өзге 13 мың шақырым жолдың құрылысы жүргізіледі.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:   

- Оның ішінде 9 500 шақырым қаржыландырумен толық қамтамасыз етілген. Қалғаны 3,6 мың шақырым бойынша қаржыландыру мәселесі халықаралық қаржы институттарымен пысықталды. Бұл «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» жаңа жобалары, Сарыағаш, Рудный және Қызылорда қалаларының айналма жолдары және жалпы ұзындығы 3 600 шақырымды қамтитын жөндеу жұмыстары.

Жиын барысында Үкімет басшысы инвестициялық жобаларды іске асыру басты міндет екенін атап өтті. Сондықтан мемлекеттік органдарға  белсенділік керек,- деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Барлық мемлекеттік органдар «бюрократияға мүлдем жол жоқ» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс. Екінші, бизнеске берілетін ұзақмерзімді несиелердің жетіспеушілігі. Үшінші, мемлекеттік қаржы институттары мен екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестік. Экономиканың нақты секторын қаржыландыруда басты рөлді екінші деңгейдегі банктер атқаруға тиіс.

Экономиканың нақты секторын ілгерілетуді бұған дейін Мемлекет басшысы да айтқан еді. Сондықтан Үкімет биыл бұл саладағы жобаларды уақытылы қаржыландыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдамақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мұхамбетәли Тилдабаев