Ақмола облысында алып құс зауыты салынады

  • 30
  • 07.04.2025, 18:30

Тәулігіне 1 млн дана жұмыртқа. Ақмола облысында осындай қуатта жұмыс істейтін алып құс зауыты салынады.

Жұмыртқадан түрлі ұнтақ пен тағам қоспалары әзірленеді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен болған кездесуде осы және өзге де инвестициялық жобалармен танысты. Жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды.

Биыл диқандарға жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 млрд теңге қарастырылған. Шаруалардың өтінішін алдын-ала қабылдау тәжірибесі іске қосылыпты. Сондай-ақ азық-түлік корпорациясына форвардтық сатып алуларға 30 млрд теңге бөлінген. Ал экспорттық шығыстарды субсидиялау мақсатына 40 млрд теңге ажыратылыпты.

Айта кетейік, Қазақстан алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісін екі есе арттыру көздеуде.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 

- Егіс науқанын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өткен жылы 580 млрд теңге болған. Биыл 700 млрд теңгеге дейін артты. Сонымен қатар Үкімет ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін сала ретінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, мал бордақылау алаңдары үшін қолдау құралдары әзірленуде. Селекциялық-асылтұқымдық жұмысты субсидиялау қайта қаралады.