Жамбыл облысының өнім көлемі өткен жылдың соңында 2,2 трлн теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 188 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрге Ербол Қарашөкеев мәлім етті.
Олжас Бектенов Қордайдағы көлік-логистикалық кешен салу жұмысының барысын тексерді. Бүгінде сүт, ет, жидек және көкөніс, тоқыма, фармацевтика және басқа да өнімдер өндірісіндегі жобалар үшін инфрақұрылым құрылуда. Сондай-ақ «KORCEM» цемент зауытында Премьер-министр өңірдің құрылыс индустриясының дамуымен танысты. Зауытта халықаралық стандарттарға сәйкес DCS интеллектуалды жүйесі енгізілді. Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қазақстандық нарықты отандық цементпен қамтамасыз ету және экспорттық нарықтарды кеңейту ісінде зауытқа жәрдемдесуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы таяуда өткен кеңесте ел экономикасының өсу қарқыны мен тартылған инвестиция көлемін төмендетпеу міндетін қойды. Ауқымды индустриялық сауда-логистикалық кешеннің құрылуы өнеркәсіптік өндірісті дамытуға, дайын өнімді өткізудің тиімді жүйесін құруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жобаға жәрдемдесу үшін инженерлік инфрақұрылым мәселелерін мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешу қажет.