Инвестиция мен сауда көлемі айтарлықтай артады. Себебі Сенатта осыған қатысты заң мақұлданды. Құжат инвесторларға құқықтық кепілдіктер жасап, тәуекелдерін азайтуды көздейді. Тауар жеткізушілер үшін көрсетілетін қызметтерді неғұрлым тиімді етеді. Яғни бұл қазақстандық компаниялардың Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Ресей нарығына кедергісіз кіруіне мүмкіндік береді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бұл құжат қызмет көрсету саласында еркін сауда аймағын қалыптастыруды көздейтін ережелерді қамтиды. Сондай-ақ тараптардың инвестициялық тартымдылығын жақсартуға арналған нормалар да бар. Жалпы осы заң ТМД елдері арасында сауда-экономикалық белсенділікті арттыруға және өзара инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Әуе билеттерінің шарықтаған бағасы отын құнына тәуелді. Сондықтан әуе компанияларын отынмен қамтамыз ету жөнінде бірыңғай жүйелік тәсілдер әзірлеу керек. Сенатор Сүйіндік Алдашев осылай деп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол отандық мұнай өңдеу зауыттары қажеттілікті қанағаттандыра алмай отырғапнын айтады.
Бүгінде тапшылық 237 мың тоннаға жеткен. Алдағы 5 жылда ол 2 есе өсуі мүмкін. Сенатор олқылықты реттеу үшін мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті ұлғайту керектігін алға тартты.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Авиабилеттер бағасының қалыптасуына авиаотынның жоғары құны айтарлықтай әсер етеді. Осылайша авиабилет құнының құрылымындағы ең үлкен үлесті – 36,5% авиаотынға жұмсалатын шығындар алып отыр. Техникалық қызмет көрсету 14,9%-ке, әуежайлық қызмет көрсету 10,7% және жолаушыларға қызмет көрсету 6,1%-ті құрайды.