Атыраулық шаруалар мал азығына берілетін субсидиясыз қалды

  • 5
  • 25.11.2025, 19:44

Атыраулық шаруалар биыл да мал азығына берілетін субсидиясыз қалды. Біздің редакцияға төрт ауданның шаруалары осылай деп хабарласты. Облыс бойынша мал азығын дайындау науқаны аяқталып, 608 мың тонна пішен қыстақтарға жіберілді. Бірақ Мақат, Махамбет, Индер және Исатай аудандары керекті жем-шөптің 70-90% өзге өңірлерден тасымалдауға мәжбүр.

Өңірде биыл қысқа қажет 605 мың тонна мал азығы артығымен дайындалды. 1400-дей қыстаққа 500 мыңнан астам қой-ешкі, 225 мың бас сиыр түскелі тұр. Оның сыртында 102 мыңдай жылқы мен 41 мың бас түйе бар. «Оларға қажетті жем-шөп жеткілікті»,– дейді ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.

Жасұлан Сұлтанғалиев, облыстық АШБ Мал шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Қажетті құрама жемнің көлемі 44,5 мың тонна. Осы уақытқа сатып алғанымыз 34 мың тонна, яғни 77% сатып алынды. 28 мал азығының бағасы аудандарда әртүрлі. Облыс бойынша баға шабындық жерден дайындалғаны мал азығының орташа бағасы 5-7 мың теңге аралығында, ал сатып алған жағдайда 8-11 мың теңге аралығында. 

Жем-шөп бағасының құбылуы тасымал шығынына байланысты. Мысалы, Индер ауданы қажетті 70 мың тонна ірі сабақты шөптің 90% Орал өңірінен дайындады. Климатқа байланысты өңірде шабындық тапшы. Сондықтан қожалықтар мал азығын Қызылқоға ауданынан және көршілес облыстардан алып келеді. Ол шаруалар үшін мол шығын. Бұрын оның жартысын мемлекет субсидия ретінде өтейтін. Екі жылдан бері ол тоқтап тұр.

Қоныс Ерманов, қожалық жетекшісі:

-Қазір біз шөпті Тайсойған өңірінен дайындап отырмыз. Осы жерден 200 шақырым жер. Қиын. 4 тракторист жұмыс істейді олардың жалақысы, соляркаға кететін ақша бар. Соның бәрін есептегенде шамамен 12 млндай шөпке жұмсап отырмыз. 

Бұл бір ғана қожалықтың шығыны. Ал облыста тек малмен күнелтіп отырған 2200-дей шаруашылық бар. Олардың 2024 және 2025 жылы жем-шөпке жұмсаған шығынын субсидиялауға шамамен 2 миллиард теңге қажет екен. 
 
Серік Нұртаза, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы:

-Жергілікті бюжеттен ол ақша бөлінеді. Мен айтып отырмын ғой, өткен жылда осы мәселеге 482 млн теңге бөлінді. Биыл 162 млн бөлінді. Бүкіл ақша былай айтқанда, ауыл шаруашылыққа жетті. Сондықтан ақша мәселе, көбейту мәселе облыстық әкімшілік шешеді. 
 
Біз аралап көрген Индер ауданында 150 қожалыққа соңғы субсидия 2023 жылы берілген. Ал былтыр Махамбет ауданы бойынша бір ғана тауарлы сүт фермасына 162 млн теңге төленді. Осы жылы бірде бір шаруашылыққа мұндай көмек болған жоқ. Оның үстіне биыл өңірде шөп бітік шықпады. Сондықтан шаруалар мал басын азайтуға мәжбүр боламыз дейді. Ал бұл өз кезегінде өңірдегі етпен сүттің бағасына әсер ететіні анық. 

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин