Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар тас жолдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Сақшылар жол үстіндегі тәртіпті дронмен бақылап, қауіпті аумақтарда қосымша жол белгілерін орнатқан. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, күре жолдарда көлік апаты азайып, өлім-жітім 26% төмендеген.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі арқылы қазір тәулігіне 40 мың автомобиль қатынайды. Сондықтан да облыстағы аса қауіпті трассалардың бірі. Жол апатының басым көпшілігі осы жолда тіркеледі. Полиция департаменті басшының сөзінше, апаттың басым бөлігі түн ортасы мен таңға жуық болады. Сондықтан тәртіп сақшылары жолдағы қырағылықты күшейтті. Жалпы Жамбыл облысында жол апаты жиі тіркелетін 36 учаске бар. Әсіресе тау бөктеріндегі өткелдер қауіпті. Былтыр осы аумақтарда 281 жол апаты болған.
Болатбек Баятанов, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
-Қауіпті тас жолдарда жасырын патрульдеу әдісін қолданып жатырмыз. Ол үшін құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін 10 автокөлік алынды. Мақсатымыз - тек айыппұл салу емес, жүргізушілерді ереже бұзбауға шақыру. Күн сайынғы патрульдеу барысында бұл автокөліктердің әрбір экипажы орта есеппен 50-60 ереже бұзушылықты анықтайды.
Бүгінде республикалық маңызы бар тас жолдарда қашықтықтан бақылайтын дрон да ұшырылады. Пилотсыз басқарылатын құрылғы автобан бойын 15 шақырымға дейін бақылап, әуеде 40 минут ұша алады. Жыл басынан бері дрон көмегімен 400-ден астам жүргізушінің жолдың қарсы бетіне шығып кеткенін анықтады. Айта кетейік, енді аймақта автобустар мен жедел жәрдем көліктеріне айыппұл жазатын камералар орнатылмақ.
Қайсар Сұлтанбаев, облыстық полиция департаментінің бастығы
-Біз қазір тағы осындай аппараттар алу көзделген. Паркрайт болсын, автосканер болсын, экип-патруль болсын осылардың бәрін мынау маршруттық автобустарға қалада жүретін және де жедел жәрдем автокөліктеріне қойып, олар да күнделікті жол қозғалысына қатысып жүрген кезде әртүрлі болып жатқан жол ережесін бұзу фактілерін анықтап отырады.
Жыл басынан бері Жамбыл облысының жолдарында 1600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 182 жолаушы қаза тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26% төмен. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларын азайту үшін тағы да жаңа әдістер әзірлеп жатқанын мәлімдеді.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев