«Қайрат» футзалдан «Спортинг-Андерлехтті» жеңді

  • 7
  • 25.11.2025, 19:58

«Қайрат» футзал клубы Чемпиондар лигасының плэй-офф кезеңін өте сәтті бастады. Алматылықтар 1\8 финалдағы алғашқы кездесуін Бельгияда жергілікті «Андерлехт» клубына қарсы өткізіп, 7:3 есебімен жеңіске жетті. Үлкен футболда Бельгияның беделі биік болар, ал футзалда «Қайраттың» қарқыны күшті. Осынау турнирде бірнеше жылдан бері мықтылармен үзеңгі қағыстырып келген алматылықтарда тәжірибе жетіп артылады. Сол тәжірибенің осындай жауапты ойындарда көмекке келетіні белгілі. Жергілікті жанкүйерлердің алдында алаң иелері қанша тырысқанымен қонақтардан айласын асыра алмады. «Қайрат» та қолдаусыз қалмады. Бельгияда оқып жүрген жастар арнайы келіп алматылықтардың жеңісіне куә болды.      

Густаво Парадеда, «Қайрат» АФК-ның спорт директоры:

- Біз өте ауыр ойын болады деп күттік, бастапқыда солай болды да. Командаға қатты қысым көрсетілді. Бірақ біз шыдам беріп, үздік ойын үлгісін көрсете білдік. Жігіттерге ризамын, маусымдағы ең жақсы ойындардың бірін көрсетті. 

Біржан Оразов, «Қайрат» АФК-ның капитаны:

- Барша қазақстандықтарды жеңіспен құттықтаймын. Біз үшін қиын ойын болды. Біз бірінші ойында өте қатты қиналдық. Содан кейін жеңдік деп ойлаймыз. Эмоциялық тұрғыда біз дайын болдық. Сол себепті ұттық деп ойлаймын. Әрине, жақсы ойнадық деп ойлаймын. Жеңіс бізде!

«Қайрат» пен «Андерлехт» арасындағы қарымта ойын 5 желтоқсанда Алматыда өтеді.
 
Жандос Айтбай