Алматыда шетелдік инвестицияларды тартудағы корпоративтік басқарудың рөлі талқыланды. «Qazaq» Тәуелсіз Директорлары Қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстелге сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысты. Мамандар отандық компаниялардың халықаралық аренадағы беделі мен тұрақтылығын тілге тиек етіп, корпоративтік тәжірибелердің жаңа үлгісі ұсынылды.
Жиынның негізгі тақырыбы тәуелсіз директорлар институты болды. Отандық компаниялардың директорлар кеңесінде тәуелсіз директорлардың болуы – маңызды мәселелердің бірі.
Сарапшылардың пікірінше, халықаралық инвесторлар серіктес таңдау кезінде дәл осы жәйтке ерекше мән береді. Осы мақсатта биыл 600 адам кәсіби біліктілігін арттырған.
Гүлнар Мусина, корпоративтік басқару сарапшысы:
- Директорлар кеңесіне тәуелсіз директорлардың қатысуы инвесторлардың компанияға деген сенімін арттырады. Олар мұны компанияның тиімді жұмыс істеуінің бір көрсеткіші ретінде бағалайды. Мысалы, акцияларды қор нарығына шығаратын болса, бұл өте қажет.
Елімізде тәуелсіз директорлар институты 2007 жылдан бастап қалыптасты. Бүгінде олар ірі компаниялардың көбінде жұмыс істейді. Олар күнделікті бизнес үдерісіне араласпайды, тек стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде объективті және кәсіби шешімдер қабылдауға бағдар береді. Тәуелсіз директорлар компанияның ашықтығын және инвесторлардың сенімін арттыруға ықпал етеді.
Эльнура Абаканова, Qazaq Тәуелсіз Директорлар Қауымдастығының атқарушы директоры:
- Тәуелсіз директордың ең басты мақсаты – бұл ұйымның және компанияның өсуіне әкелу. Сол ұйымның, компанияның қалай жақсырақ, жоғарырақ өсуін қалай қамтамасыз етуге болады? Сол тәуелсіздік директорың ең бірінші мақсаты сол болу керек.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, елімізде халықаралық стандарттар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бақылау кеңестерінің рөлі артып, тұрақты даму қағидаттары сақталуда. Дегенмен одан әрі ілгерілеу үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау, бизнес пен кәсіби қауымдастық арасында тұрақты байланыс қажет.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев