Бүгінде Қазақстан өнеркәсібінде машина жасаудың үлесі 6 пайызды құрайды. Бұл жалпы ішкі өнімнің шамамен 1,5 пайызына тең. Салада қазір 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өндіріс құны 36 пайызға, яғни 829 млрд теңгеге өсті. Жалпы саладағы ең көп үлес көлік құрастыруға тиесілі – 1 трлн 230 млрд тг. Теміржол саласы 331 млрд тг, электр техникасы 286 млрд тг. Қазір машина жасаудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, 2027 жылы отандық зауыттарда 500 мыңдай автомобиль құрастыру көзделіп отыр.
Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының XII форумында айтылды. Іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Құрметті форумға қатысушылар сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының XII форумының ашылуымен құттықтаймын. Бұл бизнес өкілдері мен білікті мамандардың осы салаға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуына, ұсыныстар әзірлеуіне мүмкіндік беретін айтулы жиын. Еліміздің машина жасау саласы бүкіл экономикамызды өркендетуге тың серпін беру үшін өз әлеуетін толық іске асыра алады деп сенемін. Форум жұмысы жемісті болсын. Баршаңызға толағай табыстар тілеймін.