Биыл елімізде 62,8 млрд текше метр газ өндіріледі

  • 24
  • 23.04.2025, 18:31

Елімізде биыл 62,8 млрд текше метр газ өндіріледі. Сәйкесінше 13 млн-ға жуық адам табиғи газға қол жеткізеді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтың қатысуымен өткен жиында Энергетика министрі осындай мәлімет айтты. Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНЕСКО тізіміндегі мәдени мұраларды қорғау алдымен ел тарапынан  жүргізілу керек, - деп отыр. 

2024 жылы елімізде газ өндіру 59 млрд текше метр газ өндірілген. Оның  85%-і Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған үш ірі кен орнына тиесілі. Сонымен қатар Қазақстанда тауарлық газ өндірісі 28,7 млрд текше метрге жеткен. Ал 2025 жылға арналған жоспар 29,4 млрд текше метр деңгейінде болмақ.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Ағымдағы жылы газдандыруды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен және «Самұрық-Қазына АҚ қаражатынан 84 жобаны іске асыру үшін 112,5 млрд теңге бөлінді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 71 елді мекенді газдандыру бойынша 60 жобаны аяқтау жоспарлануда, бұл табиғи газға қосымша 218 мың адамға немесе 12,8 млн адамға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Демек алдағы уақытта отын тасып, күл шығаратындар саны азаяды. Мақсат та осы.  Табиғи отынға жауапты мамандарды тыңдаған Олжас Бектенов жиынға қатысушыларға Мемлекет басшысы тапсырған тапсырмаларды тағы бір нақтылап берді.  Жиынға онлайн қосылған әкімдерден есеп алып, осы салаға берілген мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалып жатқанын ескертті.

Бұдан бөлек еліміздің «көгілдір отын» бойынша зор әлеуеті бар екенін ескеріп, жаңа инвестициялар мен ұзақмерзімді стратегиялардың қажет екенін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Бүгінгі таңда еліміз бойынша газдандыру деңгейі 62,4%-і құрайды. Газдандырудың бас схемасына сәйкес 2030 жылға қарай  бұл көрсеткішті 65%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін және «Талдықорған – Үшарал» газ құбырын салу сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оларды үнемі бақылауда ұстау қажет.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімініне енген еліміздің 10 тарих және мәдени ескерткіштеріне де бақылау қажет екен.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, ЮНЕСКО тізіміне енген бірқатар ескерткіштер көп жағдайда қараусыз қалған.

Бұдан бөлек бүкіләлемдік мұра тізіміне енген инфроқұрылымдарды дамыту мен сала мамандарын оқыту және тізімді жаңғырту мәселелері көтерілді. Ал Үкімет басшысы екі салаға да қатысты құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берді.

Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин