Қазақстандық шаруалар 27 млн тонна астықты қамбаға құйды. Орташа өнімділік 17 центнер. Басқа дақылдар бойынша да оң көрсеткішке қол жетті. Бүгін үкіметте егін жинаудың қорытындысы жарияланды. Жиында сондай-ақ спорт саласын дамыту мәселесі қаралды
Биыл 27 млн тонна астық қамбаға құйылған. Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жетті. Бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4,3 млн тонна майлы дақыл жиналды. Сонымен қатар 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдарының қоры бар.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Алынған астық өнімі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеді және экспорттық әлеуетті де сақтап қалуға мүмкіндік береді. Биыл қазақстандық астық Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері және Солтүстік Африка, Алжир, Египет елдеріне жеткізілді. Ал енді Иран, Әзербайжан, Армения және Грузия бағыттарына экспорт қайта жанданды.
«Мамандар аталмыш нәтижеге көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру арқылы қол жеткізілді», - дейді. Яғни сол арқылы шаруалар жерді күтуді жақсартып, сапалы тұқымға көше бастаған. Мәселен, биыл 1,8 млн тонна минералдық тыңайтқыш қолданыпты.
- Дегенмен шаруашылықтардың шамамен 12 пайызында өнімділік әлі де төмен деңгейде 5-8 центерге дейін қалып отыр. Аталған шаруашылықтар агротехнологияны жоғары деңгейде қолдануы қажет. Осыған байланысты әкімдіктер 2028-ші жылға дейін ауылшаруашылығы өнімін екі еселеу жөніндегі жол картасының көрсеткіштеріне жету мақсатында фермерлерді технологияны сақтау, ынталандыру жұмыстарын күшейтуі тиіс.
Үкімет басшысы «Егіншілерімізге қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын әртараптандыру және терең өңделген өнім шығару жобаларына назар аударды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі уақытта осындай ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жүгері өңдеу, Астана қаласындағы крахмал өндірісі, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы лизин, глютен және биоэтанол шығару жобаларды атап өтуге болады. Алайда бұл жобалар жеткіліксіз. Олардың санын көбейту қажет. Осыған ұқсас жобаларға инвестиция тартуға баса көңіл бөлінуі тиіс. Дәстүрлі астық экспортынан жоғары қосылған құны бар терең өңделген өнімдерді шығаруға көшкен жөн.
Үкіметте спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселелері де қаралды. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндады.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Бүгінде ел бойынша 25 760 спорт ғимараты бар. Оның ішінде мемлекеттік меншікте 23 678 жекеменшікте 2082 объект. 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың спорт инфрақұрпылымына қолжетімділігі 515,1 пайызды құрады. Ең жоғары көрсеткіштер Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында. Тұжырымдамаға сәйкес бұл көрсеткішті 2029 жылы 65%-ға жеткізу міндеті тұр.
- Басты мақсат – халықтың дене шынықтыру және спортпен қамтылу деңгейін арттырып, кәсіпқой спортшыларды даярлау үшін қажетті жағдай жасау. Барлық өңірде спорт инфрақұрылымын біркелкі дамытып, тұрғылықты жерлерге жақын спорт алаңдарының желісін құру қажет. Жаңа нысандар құрылысымен қатар қолданыстағы спорт объектілерін тиімді пайдалану маңызды. Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктер спорт нысандарынның мақсатты әрі тиімді жұмысын қатаң бақылауға алуы қажет.
Елімізде былтырдың өзінде 90 спорт нысаны бой көтеріпті. Оның 61-і ауылдық жерлерде орналасқан. 2025 жылдың 9 айында 35 кешен салыныпты. Жыл соңына дейін тағы 67 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. 6 спорт кешені қайтарылған активтер есебінен салынады. Олар Түркістан және Қостанай облыстары мен Астана қаласында бой көтермек.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин