Астана инвестиция тарту көрсеткіші бойынша көш бастады

  • 24
  • 31.10.2025, 19:49

Жаһандық форумда жалпы сомасы 7,5 млрд АҚШ долларынан асатын 49 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл еліміздің инвестициялық климатына шетелдік серіктестердің сенімі жоғары екенін білдіреді. Жиынға 50 елден мыңнан астам бизнес өкілі келді. Қазақстан қандай елдермен серіктестік орнатпақ?

2029 жылға дейін Қазақстанға 150 млрд доллар инвестиция тарту көделген. Бұл жоспар қазір 60%-ға орындалды. Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің дерегінше, биылдың өзінде Қазақстанға 25 миллиард доллардан астам қаржы тарту жоспарланған. Бүгінгі алқалы жиынға келген алпауыт инвесторлар түрлі салаларға қызығушылық танытуда. Еліміз инвестиция тартуда Орталық Азиядағы жетекші елге айналып отыр. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жетекші рейтинг агенттіктері Қазақстанның инвестициялық деңгейдегі мәртебесін растады, еліміздің ұзақмерзімді рейтингін «тұрақты» болжамға, яғни тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік көрсеткішке дейін көтерді. Мұндай бағалау – инвесторлар сенімінің символы, яғни ұзақмерзімді капитал үшін қосымша дәлел. Бұл ретте Үкімет елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ұлттық экономиканы трансформациялау мақсатындағы жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра бермек.

Елімізде жыл соңына дейін Stadler пойыздары іске қосылады. Қазіргі уақытта жолаушылар вагондарын өндіретін толық цикл іске асып, алғашқы вагондар сынақтан өтіп жатыр. Әлем бойынша бірегей саналатын жаңа пойыздар Астана – Алматы, Астана – Шымкент, Астана – Семей және Астана – Атырау бағыттарында жүреді. Тағы бір инвестициялық жоба Түркістан облысында іске аспақ. Бұл өлкеде биоқоспа өндіретін зауыт салынады. Ол тұрғындардың денсаулығын сақтауға арналған түрлі фармацевтикалық жобаларды жүзеге асырады. Шетелдік компания шикізатты Қазақстанда өндіруді көздеп отыр. 

Сельман Алимоглу, Orzax Group директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз Қазақстанды Орталық Азия мен Европа арасындағы көпір деп қарастырамыз. Бұл экспорт үшін стратегиялық қақпа. Жоба құны 40 млн доллар құрап, 500 жұмыс орны ашылады. Әлемдік брендке айналатын зауыт 2028 жылы ашылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ елімізге Қытай елі 3,5 млрд инвестиция тартуды көздеп отыр. Жоба жасанды интеллект арқылы адам ағзасына зияны жоқ жасыл өнімдерді өндіруге бағытталуда. Компания Қазақстанға 3-тен 5 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартпақ.

Юй Тау, Aladdin Invest Group басқарма төрағасының орынбасары, «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдерге жауапты жетекші:

-Қазақстандағы бұл жоба ауылшаруашылығы секторын жаңа деңгейге көтермек. Ең алдымен, Алматы, Абай, Атырау облыстарында жылыжай арқылы таза өнімдерді өндіреміз. Бүгінде тараптар арасындағы келісім сәтті жүзеге асуда. Біз Қазақсатнның инвестициялық әлеуетін жоғары бағалаймыз.   

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бұл ретте Үкімет басшысы инвестициялық саясатты жүзеге асыру бойынша ауқымды міндет тұрғанын жаңа жобаларды іске қосуға белсене қатысатын модельге көшпек.

Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов