Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар кәсіби маман, арнамыздың Бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, журналист-документалист Азат Рыстанбек дүниеден өтті. Тың тақырыптарға түрен салған жасын ғұмыр 46 жасында қыршын қиылды. Қабырғалы қалам иесін отбасы, ағайын-туған, жолдас-жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Туған жері Түркістан облысында жерленді.
Азат Рыстанбек қазақ телевизиясының табалдырығын 20 жасында аттады. Сол кезден-ақ ол тарихи тақырыптарға қалам тербеп, талай ақтаңдақты ақтара білді. 2000 жылдары лаңкестік ұйымдар мен түрлі секта жайлы сүбелі материалдар әзірледі. Сұрапыл жылдары шекара асып, Андолыдағы қаймана қазақтың жоғын жоқтады. Ол соңғы жылдары Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің есімін ұлықтауға атсалысты.
Серік Әбікен, журналист:-Журналистиканың жүгін көтеретін қоңырлар болады. Олар жылтың дүниеге құмар болмайды. Азат сондай азаматтардың бірі еді. Жай ғана репортер болған жоқ, ол өз ісін ақырына дейін жеткізетін өлермен репортер болды. Мәселен, Отар горнизонында 2 офицер жанжалдасып, өзге ұлттың өкілі қазақ жігітін атып тастаған еді. Сонда Азат горнизонның ішіне жасырын кіріп, соның ішіндегі сарбаз-офицерлерден сұхбат алып шығып, соңында істің барлығын Қорғаныс министрлігінің қолына ұстатқан.
Азаттың достары осыдан 20 жыл бұрын ол туған үйге үйлену тойына барса, топырақ салып, көңілдері босауда. Оны кәсіби маман ретінде мойындап, тұтас Қазақстан аза тұтуда.
Талант Арғынғали, журналист:-Азекең өзі ойы орамды, сөзі нық, әзілі нысанаға дөп тиетін, сыртқа біртоға көрінгенмен ашылып сырласқан адамға жандүниесін ақтаратын жігіт еді. Айтып жатамыз ғой, телемаман деп, соңғы уақытта баспасөзге де қалам тербетіп жүргенінің жақында куәсі болдым. Ғибадолла Рыстанбек, туыс ағасы:-Әулетіміздің жарық жұлдызы еді. Өкінішке қарай ерте сөніп қалды. Балаларына қамқор боламыз. 2 ұл, 1 қыз қалды. «Хабар» телеарнасының басшыларына алғыс айтамын, Астанадан мәйітті жеткізуге көмектесті.
Деректі фильмдердің хас шебері, ақжарқын азаматтың отбасына «Хабар» агенттігінің Басқарма төрағасы жеделхат жолдады.
Иә, оның таспаға басылған сүбелі туындылары барда есімі ел есінде мәңгілік сақталмақ. Тым қысқа өмірінде артына мол мұра қалдырып кеткен ол өлген жоқ. Оның екінші өмірі басталды. Иә, Азат Рыстанбектің ешкімге ұқсамайтын дегдар шығармашылығы жайлы әлі талай айтылып, талай жазылады...