Шымкентте Бадам өзенінің жағалауы бекітіліп жатыр

  • 25
  • 03.11.2025, 19:40

Шымкентте Бадам өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары қарқын алды. Сала мамандары 5 шақырымнан астам аумақты бетондап, су тасқынын алдын алу үшін жұмыс кестесін күшейтті. Бас жоспарға сел мен көшкін жүретін жерлерді де енгізу туралы шешім қабылданды. Енді бұл аумақтарда құрылысқа тыйым салынады. 

Қаланы бойлай ағатын Бадам өзенінің су деңгейі көктемде жиі көтеріледі. Салдарынан төңіректегі тұрғын алаптарға қауіп төніп, жергілікті жұртты әбігерге салатын. Енді табиғи апаттың алдын алу үшін өзен табаны тереңдетіліп, жағалауын нығайту жұмыстары қарқын алды.  

Мердігерлер ауа райының суытуына байланысты құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауға ниетті. Ол үшін күшейтілген жұмыс тәртібімен екі ауысымдық кесте бекітілген. Жоба ерекшелігіне сәйкес арнаның биіктігі 10 метрге дейін көтеріліп, беріктігі жоғары бетон қоспасы қолданылып жатыр. 

Бадам өзенінің жалпы ұзындығы 49 шақырым. Бұған дейін Жыланбұзған, Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алаптарында құрылыс жүрді. Биыл өзен арнасының тағы 5 учаскесі қамтылды. Гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. 

Мұхамеджан Сейітжанов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлердің бәрін мердігер мекеме тарапынан тазалау, русласын бұру, тастарды шайып кетпеу үшін бөгет қою мақсатында жұмыстар атқарылды. Жалпы 5,3 шақырым ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. 

Қалада халықты селден қорғап, қауіпсіздігін сақтау үшін бас жоспарға өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды. Зерделеу нәтижесіне сәйкес жер бедері бұзылған 13 учаске анықталды. Тағы 933 мың шаршы метр жерді су шаю қаупі жоғары. Бұл аумақтарда 1500-ден астам адам тұрады. 

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары

- Бұл 109 объектіде 433 адам өмір сүріп жатыр бүгінгі таңда. Сонымен қатар 29 селдің қауіпі бар аймақ анықталды. Бұл жерде 1129 адам өмір сүріп жатыр. Енді өздеріңіз білесіздер бас жоспар кез келген қауіпті жағдайларды ескеруі керек.

«Сала мамандары өзен жағалауларын жаңғыртып, гидротехникалық жүйелерді қалпына келтіру арқылы қауіп-қатерді алдын алуға болады»,  – дейді. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 700 млн теңге қаржы жұмсалған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов