Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы жүйесін толық цифрландыруға көшті

  • 12
  • 04.11.2025, 19:36

Нәтижесінде 14 жүйенің орнына 5 негізгі жаңа ақпараттық архитектура қалыптастырылады. Оның өзегі Smart Data Finance жүйесі. 74 дереккөзден ақпарат жинап, жасанды интеллект арқылы кірісті болжайды. Мәселен, жаңа «Keden» жүйесі кедендік рәсімді толық автоматтандырып, барлық заңбұзушылықты онлайн тіркеуге мүмкіндік береді. «Ұлттық тауарлар каталогында» 15 миллионнан астам өнім бар, ол бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашады. Ал «Tapsyru» порталы мемлекеттік активтерді тиімді пайдалануға және шығынды төмендетуге сеп болады.

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, бұл реформалар мемлекеттік қаржы жүйесін заманауи, ашық әрі тиімді етуге бағытталған. 

Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Онлайн-бюджеттік мониторинг жүйесі қазына қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді. Мәселен, биыл жүйе 132 млрд теңге көлеміндегі тәуекелді төлемдерді анықтады, оның бір бөлігі бюджетке қайтарылды. Сондай-ақ жасанды интеллект кіріс пен шығысты 95% дәлдікпен болжауға мүмкіндік береді.