Келер жылдан бастап кәсіпорындардың отандық өндіруші екенін растайтын, ақылы беріліп келген «СТ-КЗ» және индустриялық сертификат өз қолданысын тоқтатады.
Бұл туралы Сенат депутаттары тауардың шығу тегін анықтау мәселелері бойынша түзетулерді екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бас прокуратураның тексеру қорытындысы бойынша заңсыз сертификаттарды алу, тауарға дұрыс емес мәліметтер енгізу және тағы да басқа фактілер анықталған.
Енді жаңа тетікке сәйкес тізілімді қалыптастыру және жүргізу бірнеше кезеңнен тұрады. Олар – өтінім беру, цифрлық верификация, өндірісті бағалау. Сондай кейін ғана тізілімге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылданады. Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тоқсан сайын Сауда және интеграция министрлігіне берілген сертификаттар бойынша есеп жолдайды.
Сағындық Лұқпанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жоғарыда атап өтілгендей, тізілімге енгізілген қазақстандық өндірушілерге ғана мемлекеттік қолдау көрсетуге күш жұмылдыру жоспарлануда. Қаржы институттары арқылы жеңілдікті несиелендіруді қоса алғанда, қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, отандық өндiрiстiк тауарлардың экспортын ынталандыру, оларды жүзеге асыруға жәрдемдесуге және шикізатпен қамтамасыз етуге де атсалысамыз.