Малайзиялық компания Қазақстанда жеміс-жидек ұнтағын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр

  • 26
  • 22.05.2025, 18:55

Халал өнімін шығаратан малайзиялық компания Қазақстанда жеміс-жидек ұнтағын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жылына 300 тонна өнім өндіреді. Шетелдік инвестор жобаны жыл сайын қаржыландыруды көздеп отыр. Екі елдің бірлескен бастамасы мұнымен шектелмейді. Былтыр қос мемлекет құны 200 млн доллар болатын бірлескен жобаларды қолға алған.

Қазақстан мен Малайзияның іскерлік байланысы қанатын кеңге жайып келеді. Ауқымды нарықты игеріп отырған Оңтүстік-Шығыс Азияның қалталылары қазақ жеріне қазығын қағуды жоспарлап отыр. Соның бірі - Quality Food Industry компаниясы. Табиғи өнімдерге маманданған халал индустриясының көшбасшысы елімізде зауыт салады. Сөйтіп наубайхана және сусын өндірісінде қолданылатын жеміс пен көкөніс ұнтақтарын шығармақ. 

Ричер Чан, Quality food industries компаниясының басшысы:

- Бұл - екі тарапқа да тиімді жоба. Қазақстанда жаңа жұмыс орындары ашылады. Біздің өндіріс арқылы жергілікті фермерлер жеміс-жидек саудасын ұлғайтып, табысын арттыра алады. Жыл сайын 100 млн доллардан астам инвестиция құюды жоспарлап отырмыз .

Ілкімді істің ізашары ретінде SMITA global қауымдастығын атауға болады. Ол Малайзиядағы шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін ірі құрылым. Қауымдастық Қазақстан нарығын 2019 жылдан бері зерттеп келеді. Елімізде өз өкілдігін ашып, ірі жобаларды қолға алды. 

Меган Су, Smita global Президенті:

- Қазақстан - Орталық Азияда орналасқан стратегиялық серіктес. Біз аймақтағы сауда, туризм, исламдық қаржы және цифрлық технологиялар бағытында ұзақмерзімді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кірістік.

Бүгінде елімізде малайзиялық капиталмен жұмыс істейтін 45-тен астам компания бар. Олардың басым бөлігі логистика, агроөнеркәсіп, фармацевтика және туризм салаларында белсенді.

Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар