Қазақстан мен Италия жаңа жобаларға 180 млн еуро бағыттамақ

  • 145
  • 28.05.2025, 18:33

Елордада өткен «Италия – Қазақстан» іскерлік форумында 10 меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісілген жобаларды жүзеге асыруға 180 миллион еуро бөлінбек. Машина жасау, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, металлургия және логистика салаларын цифрландыру жоспарланған.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан аумағында бірлескен өндірістер құру арқылы Еуропа, Орталық Азия және Қытай нарығына шығу көзделіп отыр. Сонымен қатар еліміз органикалық бидай, майлы дақылдар мен мал азығы экспортын ұлғайтуға дайын.

Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов, Италия – Қазақстанның үш ірі сауда әріптестерінің бірі екенін айтып өтті. Былтыр Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жуықтады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстан үкіметі елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біздің заңнамада инвесторлар үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Соның ішінде салықтық және кедендік жеңілдіктер және инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсету. Біз итальяндық бизнесті Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге және экономиканың басым секторларындағы бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз. 

Марко Оснато, Италия Қаржы комитетінің төрағасы – депутат:

- Бүгінгі кездесу екі жақ үшін өте маңызды. Біз өзіміздің қаншама әріптестерімізді көрдік, идеяларын тыңдап, пікір алмастық. Бизнесті әрі серіктестікті дамыту үшін мұндай жиындар керек.