Премьер-министрі Олжас Бектенов елімізге ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының Президенті Анке Релингермен кездесу өткізді. Онда Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға мән берілді.
Айта кету керек, Германияның Орталық Азия өлкесімен жалпы саудасының 80 пайыздан астамы Қазақстанның үлесіне келеді. Энергетикалық байланыстар да артып келеді. Қазақстан Германияға мұнай жеткізетін жетекші үш елдің бірі. Былтыр 10,5 млн тоннадан аса қара алтын экспортталды.
Бүгінгі кездесуде оның көлемін арттыру перспективасы да сөз болғанын айта кету керек. Сонымен бірге «Жасыл» энергетика саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, минералды ресурстарды бірлесіп игерудегі әріптестікке, арнайы экономикалық аймақтарда озық өнеркәсіптік кластерлер құруға, терең технологиялық кооперациялар жасақтауға, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерінің маңыздылығына назар аударылды.
Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 4 млрд долларға жеткен. Соңғы 20 жылда елімізге 7 млрд доллардан астам неміс инвестициясы тартылса, бүгінгі күні құны 55 млрд долларға жуық 65 бірлескен жоба бар. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1100-дей кәсіпорын жұмыс істейді.