Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізімі іске қосылады

  • 148
  • 03.06.2025, 18:33

Елімізде отандық тауар өндірушілердің біріңғай тізілімі жасақталатын болады. Бағдарлама қазақстандық кәсіпорындардан тікелей сатып алуға бағытталған және өзіміздегі өндіріс орындары арасында кооперацияны дамытуға септігін тигізеді.

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Жаңа жүйе келер жылдан бастап күшіне енеді. Ал оған жалған тауар өндірушілер ене алмайды. Нәтижесінде қолдау шаралыранан да қағылады.

Үкімет отандық өндіріске басымдық беруді жалғастырады. Бұл саладағы қазіргі көрсеткіштерге тоқталсақ. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі жыл басынан бергі 4 айда 7 пайыздан асқан. Негізінен машина жасау, құрылыс, химия және жиһаз өндірісінің дамы қарқыны жоғары. Ел аумағында мұнай мен газ өндіріп отырған шетелдік компаниялар да қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуды едәуір арттырған. Былтырдың өзінде 3,8 тлрн теңгенің өнімін алыпты. Бұл бағытта Энергетика министрі биыл бірқатар жоспарлы шараларды қолға алынғанын айтты.   

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің сатып алу ережесіне өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізу. Ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау. Өнімді импорт алмастыру үшін өндірістер мен технологияларды оқшаулау.

Қазақстанда өндірілген өнімдерді тұтынатын отандық кәсіпорындардың нақты тізімі жасалған. Көш басында «Қазақстан темір жолы», сондай-ақ уран мен мұнай-газ және өзге де кен өндіретін компаниялар тұр.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Биылғы 5 айда 115 млрд теңгеге 148 офтейк контракт жасалды. Қазіргі таңда 24 жоба дайындалып жатыр.

Ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін арттыру – басты міндеттің қатарында қала бермек. Белгілі болғандай, бүгінде металлургия, жеңіл өнеркәсіп пен электроника салаларында тауар өндірісі артқан. Енді импортты алмастыруға, өз өнімімізді сатып алуға басымдық беріледі. Өткен 5 айда мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілермен 303 млрд теңге болатын 96 мыңнан астам келісімшартқа отырған. Ал өңірлердегі шағын өнеркәсіп аймақтарында өндіріс ашуға сұраныс көбейген.  

Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Бізде салықтық жеңілдіктер беріледі, кедендік жеңілдіктер және жер учаскесі ұсынылады. Былтырдан бері 8 облыста 34 шағын өнеркәсіптік аймақ салынып жатыр. Биыл олардың іске қосылуы күтілуде. 200 мың шаршы метрден астам жер учаскесі беріледі.

Премьер-министр өңдеуші сектор өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласын басып озғанын атап өтті. Енді осы қарқынды үдете түсу керек, - деді. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің тізілімі жасақталады. Бағдарлама кәсіпорыннан тікелей сатып алуды қамтып қана қоймай, оның дамуы үшін де қолдауға ие болады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы цифрлық шешімдер негізінде отандық тауар өндірушілердің біріңғай тізілімі жасалуда. Адал өндірушілер оған автоматты түрде қосылады. Ал жалған өндірушілер тізілімге ене алмайды. Сонымен қатар барлық ірі кәсіпорындар өздерінің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құра отырып, елішілік құндылық бағдарламаларын әзірлеп, қабылдау қажет. Егер кәсіпорындар мұндай бағдарламаларды қабылдамайтын болса, оларға ешқандай мемлекеттік қолдау көрсетілмейді.

Отандық тауар өндірушілер тізілімінің автоматтандырылған жүйесін келер жылдан бастап іске қосу көзделіп отыр. Оны жүзеге асыру үшін Үкімет басшысы тиісті министрліктерге тапсырма берді. Жоспар бойынша жаңа жүйе қазақстандық өнім өндірушілерді дамытуға зор ықпал етпек.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов