Ол үшін жер қойнауын игеруде алдағы жылдары жаңа бағыттар ашылады.
Бұл туралы Астанада басталған 15-халықаралық тау-кен және металлургия конгресінде айтылды. Жиынға отандық және шетелдік компания өкілдері қатысып жатыр.
Тау-кен, металлургия конгресі жыл сайын өткізіледі. Бұл жолғы жиын саланың тұрақты дамуы, инновациялық технологияларды енгізу, өндірісті әртараптандыру және өзге де маңызды тақырыптарды талқылауға арналған. Әсіресе қарқынды түрде өзгеріп жатқан нарыққа бейімделу, өзара әріптестікті дамыту, түрлі жобаларға инвестиция салып, бірлесе атқару маңызды бағыттардың қатарында.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан геология саласына 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан. Енді оның көлемін одан әрі арттыру көзделіп отыр. Басталған халықаралық конгреске әлемге танымал 50-ден астам компания келді. Іс-шара барысында олармен меморандумға келу жайы да сөз болады.
Іс-шараға әлемнің 20 елінен 1 мың 300-жуық делегат жиналған. Бұл еліміз үшін зор мүмкіндік, - дейді ұйымдастырушылар. Себебі Қазақстан геология саласына баса көңіл бөліп отыр. Бүгінде жер қойнауын игеру мақсатында 1 млн 900 мың шаршы шақырым аумақта жаңа бағыттар ашса, 2026 жылға дейін оның көлемі 2 млн шаршы шақырымнан аспақ.
- Ең бастысы – инвестиция. Біздің жергілікті компаниялар, шетелдік компаниялар қазір біздің нарығымызға ерекше көңіл бөлдіріп жатыр. Ең бастысы, әрі қарай бізде геология, жер қойнауын қай бағытпен жүру, сол ең бастысы. Әрине, осы конгресске қатысып жатқан компаниялар олардың арасында бір-біріне серіктестік болуы мүмкін.
Тау-кен металлургия саласындағы өндірушілер көрмесі де ұйымдастырылды. Әр кәсіпорын өздері шығаратын өнімдермен қоса тың технологияларды ұсынды.
Гүлнұр Шайдуллина, көрмеге қатысушы:
- Бізге мамандар керек, олар Жезқазған облысында, Сәтбаев, Балқаш, Қарағанды облыстарында. Біз обогатительный фабрикаға рудниктер мен мамандарды іздеп жатырмыз. Менің ойымша, Қазақстан бойынша мұнай және тау-кен саласының болашағы бар.
Конгресс жұмысы екі күнге жалғасады. Саланы дамыту мақсатында компаниялар арасында әріптестік келісімдерге қол қойылады деген жоспар бар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов