Еліміздегі тауар экспорты биыл 82 млрд АҚШ долларына жетеді. Ал 2029 жылы 86,1 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп күтілуде.
Бұл Ұлттық экономика министрлігінің болжамы. Қуатты өңірлер еліміздің экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Осы ретте ел экономикасына серпін беріп отырған қай өңірлер? Аймақтардағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін экономиканың қай саласына көңіл бөлген жөн?
Біріккен Ұлттар Ұйымы 2023 жылғы мамырдағы болжаммен салыстырғанда, 2024 жылғы қаңтарда әлемдік экономиканың күтілетін өсімін 2,5%-дан 2,4%-ға дейін төмендетті. Ал 2025 жылы 2,5%-дан 2,7%-ға дейін өседі деп күтілуде.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму сценарийін қалыптастыру үшін әлемдік экономиканың өсу перспективасымен қатар Brent маркалы мұнайға, металдарға әлемдік баға серпіні, сондай-ақ қаржы нарықтарындағы ахуал да ескеріледі. Бұл ретте Дүниежүзілік банк мұнай бағасын 2024 жылы барреліне 81 АҚШ долларын және 2025 жылы – барреліне 78 АҚШ долларын құрайды деп болжайды.
Нұрболат Құрметұлы, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры:
- Ішкі өнімге қосатын үлесіне байланысты 5 лидер облысты атап көрсетуге болады. Алматы қаласының негізгі бағыттары – қаржы, сауда-саттық. Екінші өңір ретінде Астана қаласын атап өтуші едім. Негізгі бағыттары мемлекеттік басқару, құрлыс, білім беру, жаңа технологиялар. Тағы бірі Атырау облысы. Бұл өңір мұнай және газ өндіруге бағытталған. Қарағанды облысымыз, оның мамандануы тау-кен өнеркәсібі. Тағы да бір атап өтететін өңір – Алматы облысы. Бағыттары – тамақ өнеркәсібі және машина жасау.
Импортқа келсек, биыл оның көлемі 63,8 млрд АҚШ долларын құрамақ. Мамандар импорт 2029 жылы 69,2 млрд АҚШ долларына дейін өсетін айтып отыр.
Құралай Жұмахан