Астанада Орталық Азия және Каспий өңірі елдерінің халықаралық экспо-форумы басталды.
Оның жұмысына Латвия, Ирана, Пәкістан, Үндістан сияқты 9 мемлекеттің өкілдері қатысуда. Мақсат – тауар айналымын арттыру және жаңа байланыс орнату. Сол үшін өнім өндірушілерге қоса, жүкті жеткізушілер жалпы осы салаға қызмет көрсетуші копаниялар шақыртылыпты.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Форумға келгендер алдымен оның аясында ұйымдастырылған көрменің куәсі болды. Мұнда балаларға арналған киімнен бастап ойыншықтар, азық-түлік, техниканың сан түрін көруге болады.
Тұрмыстық химия, құрылыс материалдары, ыдыстарды да осы алаңнан табуға болады. Тамақ өнімдері, сусындар, интерьер тауарлары, косметика, гигиена құралдары, тіпті өндірісте үлкен сұранысқа ие шағын роботтар да бар.
Елена Миляева, ұйымдастырушы:
- Көрмеге Қазақстан аумағында бұрын көрсетілмеген тауарлар да әкелінді. Бұл жаңа байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік. Дәл сол сияқты шетелдік компаниялар біздің тауармен жақынырақ танысуда. Мұнда логистикалық компаниялар мен түрлі сауда желілерінің өкілдері де келген.
Сауда дегенде қазір Қазақстанда оның онлайн үлгісі жақсы дамуда. Мәселен, соңғы жылдары үш есеге өсіп болыпты. Нәтижесінде қаржы көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асқан.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Біз заманауи сауда, инфрақұрылым қалыптастыруға электрондық коммерцияны дамытуға және Қазақстандық бизнестің халықаралық нарықтарға қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударамыз. Біз компанияларға аналитикалық, стратегиялық қолдаудан бастап барлық сүйемелдеу ұсынамыз.
Бүгінгі тауарлар көрмесі де сондай қолдаудың бірі. Шара аясында кей кәсіпкерлер келісім жасап үлгерді.
Асхат Балаханұлы, кәсіпкер:
- Бұл кісілерге жүгері мен сұлы мал шаруашылығы үшін көп көлемде керек. Соны экспорттау контрактісін жасадық. Жүгері жылдық 40 мың тонна, сұлы 80 мың тонна.
Айта кетейік, бұл форум алғаш рет ұйымдастырылғанымен, оған 9 мемлекеттен 200-ден астам компания қатысты.
- Бұл сарапшылардың бағлауынша, өте жақсы көрсеткіш. Аталмыш компаниялар өздерінің 600-ден астам тауарын ұсынды. Алдағы уақытта өзара алыс-беріс артады деген үміт зор.
Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов