Қазақстан 2029 жылға дейін кемі 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға мүдделі. Бұл мақсат елдің индустриялық, көлік-логистикалық және «жасыл» экономикасын дамытуға бағытталған ауқымды жоспарының бір бөлігі.
Былтыр елге 17,2 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылды. Бұл аймақтық деңгейде ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Инвесторлар елдің стратегиялық орналасуын, бай ресурстарын және заңнамалық кепілдіктерін жоғары бағалайды.
Асқар Қысықов, экономист:
- Қазақстанда шикізаттық база өте ауқымды. Бірақ оны сол күйінде экспорттаумен шектелмей, терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығарсақ, әлдеқайда көп табыс табуға мүмкіндік бар. Онымен қоса, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту маңызды деп санаймын. Себебі маңайымызда Қытай мен Ресей секілді ірі нарықтар орналасқан. Бұл елдерге дайын өнім экспорттауға болады. Туризм де болашағы зор сала. Қазірдің өзінде Қытайдан келетін туристер үшін Қазақстанда қызықты бағыттар жетерлік.