Заңсыз иемделген активтер мемлекет меншігіне әлі қайтарылып жатыр. Қайтарылған қаражат есебінен жалпы құны 318 миллиард теңгенің 406 жобасы қаржыландырылады. Мәселен, Ақмола облысында спорт саласында 1 нысан, денсаулық сақтау саласында 2 жоба, ал сумен жабдықтау бойынша 26 жоба іске асырылып жатыр. Ал Алматы облысында 29 жоба қолдау тапқан. Көш басында Қарағанды облысы тұр. Мұнда 52 медициналық нысан мен 10 сумен жабдықтау жобасы қаржыландырылады.
Абай облысында - 24, Батыс Қазақстанда - 25 жоба жүзеге асса, Шымкент пен Астанада қайтарылған заңсыз активтер есебінен тек бір нысаннан салынады. Одан бөлек, елордада белсенді жастар, мемлекеттік органдар, бизнес және білім беру ұйымдарының өкілдері бас қосып, сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдарын талқылады. Еріктілер халықтың өтініш-тілегін тыңдап, заңсыз әрекет болса, жауапты органға жедел хабар береді.
Диас Қозыбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары:
- Талдаулардың бәрін алып тастаған кезде екі үлкен жоба бар. Оның бірі комплаенс қызметтері бойынша. Яғни квазигоссекторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтері орнатылған. Олардың барлығының қызметтері –жемқорлықты ең төменгі дәрежеге жеткізу, жою. Басты мақсаты осы болып есептеледі.