Кальцийлендірген сода өндіретін зауыттың құрылысы басталды

  • 28
  • 18.06.2025, 18:30

Елімізде кальцийлендірген сода өндіретін зауыттың екінші кезегінің құрылысы басталды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға дейін өнімді құрайды. Жоба Жамбыл облысында іске асуда. Ол импорттық сұранысты жауып, Қазақстан кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша Орталық Азия мен Ресейдегі ең ірі экспорттаушы болады деп күтілуде. Бұл ел экономикасының дамуына серпін береді.

«Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінде кальцийлендірілген сода зауытының екінші кезегінің құрлысы бойынша «САМС» Қытай инженерлік компаниясы мен жобаның тапсырыс берушісі арасында келісімшартқа қол қойылды. Бұл жай коммерциялық мәміле емес, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы бойынша Қытай мен Қазақстан арасындағы өндірістік ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды оқиға.

Ли Хайсинь, Қытай инженерлік «САМС» корпорациясы ААҚ бас директоры:

- Келісімшартқа қол қою ең алдымен үлкен қуаныш және қазақстандық нарыққа деген сұранысты көрсетеді. Құрылыс аяқталғаннан кейін өндірістік қуат айтарлықтай өседі. Ол елдің ішкі қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, көрші мемлекеттерге өнім жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан химия өнеркәсібінің өңірлік орталығын құру стратегиясын іске асыруға маңызды қадам болмақ.

Сонымен бірге Жамбыл облысында көптеген жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік қал-ахуалға да оң әсер береді. Зауыттың бірінші кезегін іске асыру кезінде-ақ инженерлер мен түрлі жұмысшылардың командасы қалыптасып үлгерді. 

Айнұр Досмаханова, «САМС» Қытай инженерлік корпорациясы» ААҚ аудармашысы: 

- Кәсіпорын өз қызметкерлерін үнемі жетілдіріп отырады. Мен өзім тұрақты оқудан өттім, ол маған кәсіби білімімді арттыруға мүмкіндік берді. «САМС» компаниясына алғысым шексіз! Енді осы жолымды ары қарай жалғастырып, қазақ-қытай ынтымақтастығына өз үлесімді қоссам деймін. 

Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 500 мың тонна өнімді құрайды. Қазақстан мен Орта Азиядағы ең алғашқы әрі ең үлкен зауыт құрылысы толықтай 2027 жылы аяқталады. Болашақта «САМС» компаниясы Қазақстанның инфрақұрылымы, «жасыл» энергетикасы, интеллектуалды өндіріс салаларына да өз үлесін қоспақ. Мамандар Қытайлық кәсіпорынның Қазақстандағы филиалының даму жолы даңғыл, келешегі кемел боларына сенімді.

Құралай Жұмахан, Болотбек Табалдиев