Еуропалық қайта құру және даму банкі былтыр 25 жобаны жүзеге асырып, ел экономикасына 930 млн еуро инвестиция құйды. Қосымша 300 млн еуро тартуға жәрдемдесті. Инфрақұрылым, энергетика, шағын және орта бизнес, «жасыл» экономика саласындағы жобалар қамтылды. Банктің Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзхан Қазақстан аймақтағы маңызды ел екеніне тоқталды. Банктің негізгі бағыттарының бірі - мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Бұл тетік арқылы инфрақұрылымдық жобаларды тұрақты қаржыландырып, бюджет жүктемесін азайтуға болады. Сәтті мысал ретінде Үлкен Алматы айналма автожолы мен Көкшетау ауруханасының жобалары аталды.
Хусейн Өзхан, ЕҚДБ Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры:
- Қазақстандағы реформалар барысына келсек, біз әр салада оң динамиканы көріп отырмыз. Осыған байланысты Ұлттық инфрақұрылым жоспары өте маңызды. Сондай-ақ банк заңнамасы қайта қаралуда. Инвестицияларды тартатын және елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретін басқа салаларда реформалар жүзеге асырылып жатыр. Біз осы қағида негізінде көбірек жобалар жасалуы мүмкін деп санаймыз. Өз тарапынан Қазақстан МЖӘ негізінде жобаларды арттыруға жәрдемдесуді жалғастыруға дайын. Өйткені бұл жобалар дамуды неғұрлым ұзақмерзімді қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтуда да маңызды тетік саналады.