Президент тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Әзербайжанның Ханкенді қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының XVII саммитіне қатысты.
Саммитке Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан президенттері, Пәкістан, Ауғанстан Үкіметінің мүшелері, Түрікменстан Сыртқы істер министрі қатысты. Сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
Отырыс барысында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Саммит аясында Үкімет басшысы мен Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасары Абдул Гани Барадармен екіжақты кездесуі өтті. Онда сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, аграрлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов Президенттің бастамасымен еліміз «Тургунди-Герат» теміржолының құрылысына инвестиция салуға дайын екенін атап өтті.