Қазақстан Ауғанстанмен сауда айналымын арттыру үшін «Тургунди-Герат» теміржолының құрылысына инвестиция салмақ. Сондай-ақ біздің елде ауған студенттеріне бөлінетін білім беру квотасы екі есеге артады.
Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің таяуда Кабулге жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды. Тараптар көп жылдан бері қалыптасқан қазақ-ауған серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму болашағын талқылады. Тиісті министрліктер Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы теміржолды салу және пайдалану туралы меморандумға қол қойды. Сауда-экономикалық, транзиттік және аграрлық салалардағы, сондай-ақ геологиялық барлау және цифрландыру бағытындағы ынтымақтастықты арттыру жайы қарастырылды.
Соңғы 4 жылда екі ел арасындағы ынтымақтастық артқан. Тек биыл жыл басынан бергі бес айдың қортындысы бойынша тауар айналымы 171,3 млн доллар болған. Ендігі меже – 3 миллиард долларға жеткізу.
Еркін Тұқымов, ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі:
- Өздеріңіз білесіздер, біз ұзақ уақыт бойы Ауғанстанды аймаққа нұқсан келтіретін қауіп көзі санап келдік. Ал қазір бұл үрдіс ынтымақтастық, даму бағытына өзгерді. Бұл ретте Қазақстанның орта держава секілді ұстанымы анық. Ал қазір екі жақты тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу көзделді. Көлік транзитін дамытпай, оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан «Тургунди-Герат» теміржолын салу меморандумына қол қойылды. Бұл Қазақстан, Ауғанстан үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды. Сондай-ақ біз мамандар дайындауға да көмектесеміз.