Мемлекет қаржысын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін цифрлық теңге түрлі салада қолданылуы мүмкін.
Үкіметте Президент тапсырмасымен қолға алынған пилоттық жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды. Технология көмегімен ақшаны таңбалауға және жұмсалуын қадағалауға болады. Сондай-ақ мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүйлейменовтің айтуынша, айналымға 257,5 миллиард цифрлық теңге шығарылған. Оның жұмсалуы оннан астам бағыт бойынша сынақтан өткен. Цифрлық қосылған құн салығын қайтару мерзімін 75-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік туды. «Ауыл аманаты» шағын несиелеу бағдарламасы бойынша қаржыны уақытша бұғаттау тетігін сынау сәтті жүргізілді. Премьер-министр жуық арада Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын жүз ірі жобаны «цифрлық теңге» форматына ауыстыруды тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға экономиканың жекелеген секторына интеграциялау жөніндегі жол картасын әзірлеуді жүктеді.
Бинұр Жаленов, ҚР Ұлттық банкінің цифрлық трансформациялау жетекшісі:
- Біз осы технологияны мемлекеттік қаржы жұмсалатын көп бағыттарға қалай енгізуге болатынын талқыладық. Оның арасында әлеуметтік, өндірістік, инфрақұрылымдық нысандар бар. Сондай-ақ тұрғындарға, бизнеске қолдау түрлері де айтылды. Цифрлық теңге 2023 жылдан бері пилоттық режимде қолданылып келеді. 2027 жылдан кейін оның аясы кеңейеді.