Алматылық суретші жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Ол фанера тақтадан балалардың мүсіндерін жасап, оны арнайы белгі сызылмаған көше бойына орналастырды. Суретшінің айтуынша, жол ережесі әсіресе, жеке сектордағы тар көшелерде сақтала бермейді. Ретсіз құрылыстар мен көшеге жақын орналасқан қоршаулардың кесірінен көлік жүргізушілер мен жаяу адамдар жолды бөлісе алмай дал болады.
Алматыда суретшілердің туындысын тек галереялардан ғана емес, көшеден де көруге болады. Сондай экспозицияның бірі жол бойында тұр. Бұл өнер туындылары мұнда сәндік үшін қойылмаған. Суретші Тайыр Тәбиев көлік иелеріне жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қоршаулардың арасымен, тар көшелердің бойымен жүретінін еске салады. Ол өзінің жұмысын «Қоршау балалары» деп атаған. Фанера, бояу, жіп-қажетті материалдар осы ғана. Тәбиев: «Ережеге сәйкес, қоршау жолдан кемінде 3-5 метр қашықтықта салынуы керек»,– дейді. Ал жолдың ені шамамен 10 метр болуы тиіс екенін айтудан жалыққан емес. Бірақ көпшілігі мұны елемейді.
Тайыр Тәбиев, суретші:
-Тар жолда өзің әзер келе жатқанда ит үріп мазаңды алады. Одан қашып жолға шықсаң көлік зулап жатады. Осылай тар жолдан шыққанша, ит қауып ала ма, әлде машина қағып кете ме деп зәрең ұшады.
25 жастағы Тайыр Табиевтің мамандығы - графикалық дизайнер. Бірақ ол өзін мультипликациялық суретші санайды. Оны жол мәселесі көптен бері мазалап жүр. Өзі де осы көшелермен қатынайды. Мүсіндерді қоюдағы мақсаты - көлік жылдамдығын баяулату.
Бұл жас суретшінің алғашқы жобасы емес. Ол бұған дейін «Қала жолы» атты үстел ойынын жасаған. Тайырдың әлеуметтік бастамасын Қазақстан мен Орталық Азияның заманауи өнерін дамыту қоры қолдады. Ал бірнеше жұмысы жеке галереяда өтіп жатқан көрмеге қойылды.
Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев