Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сауда орындарын да көбейтпек. Себебі желіге тиесілі 36 дүкен Өскемен шаһарына аздық етіп отыр. Көкөніс құны нарықтағы бағадан 10% арзан болуға тиіс.
Әлеуметтік азық-түлік түсетін мынадай шағын павильондарда демалыс күндері ине шаншар орын қалмайды. 378 мың тұрғыны бар Өскемен қаласына 36 дүкен аздық етіп отыр. Сондықтан әлеуметтік бизнестің әлеуетін кеңейту жоспарланған. Өскемен қаласымен қатар Риддер және Шемонаиха шаһарларында да сауда орындарын ашу көзделіп отыр. Қамбадағы қордың көлемі бұл істі жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мың тоннадан астам пияз, 1500 тоннадан сәбіз және қырыққабат, 4 мың тонна картоп бар. 200 млн теңгеге сиыр еті сатып алынды. Оның келісі 1900 теңгеден саудаланады. Әлеуметтік тауарды тұрғын үйлердің маңындағы шағын дүкендерге өткізу мәселесі де талқыланып жатыр.
Ерқабыл Қожбанов, ШҚО Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы департаментінің директоры:
-СПК-дан алынған тауарларды 10-15 пайыздық өздерінің пайдасына сату мәселесі көтеріліп жатыр. Бүгінгі таңда бұл мәселе талқыланып жатыр. Бірақта біз өз тарапымыздан заң шеңберінде 5 пайыздық үстеме бағамен сату мәселесін рұқсат беріп отырмыз. Енді қалған жаңағы 10-15 пайыздық мәселе қарастырылуда.
Облыстық сауда кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Владимир Бердник бұл ұсынысты тиімсіз санайды. Шағын бизнес өкілдері әлеуметтік тауарды сауда сөрелеріне шығару үшін үстемақы көлемін кемінде 15 пайыз болуы тиіс дейді.
Владимир Бердник, ШҚО Сауда кәсіпорындары қауымдастығының директоры:
-Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлер бұл тауарды қабылдайды. Негізінен шалғай, қаланың шетіндегі дүкен иелері 5 пайыз ғана үстеме қосып сатады. Бірақ шығыны өтелмейді. Оның үстіне тағы 5 пайыз сатушының айлығы мен түрлі салық бар.
Әзірге Өскеменнің шағын бизнес өкілдері мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арасындағы келіссөздер мәресіне жеткен жоқ. Ал Риддер мен Шемонаиха қалаларының сауда-саттық компаниялары болса тұрақтандыру қорынан тауар алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі моноқалалардың нарығына сапалы азық-түлік көлемі артып, көкөніс бағасы арзандайды. Бұрын облыс орталығына сабылатын тұтынушылар тоқтап, сауда қызуы тиіс.
Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин