Эстон ұлттық музейінің көрмесі ашылды

  • 5
  • 18.11.2025, 19:38

Елімізге келген Эстония Президенті Алар Каристің мемлекеттік сапары мәдениет саласындағы жобалармен де жалғасып жатыр. Ұлттық музейде «Қолмен өрілген қолғап сыры» атты жаңа көшпелі көрме ашылды. Іс-шара көпшілікті эстон мәдениетінің ең танымал әрі поэтикалық қырларының бірі қолғап тоқу дәстүрімен таныстыруға арналған. Бұл бұйымдар солтүстік климат жағдайында күнделікті қажеттілік қана емес, сонымен қатар шеберлікке және халық жадындағы рухани дәстүрлерге деген құрметтің символы. Көрменің ашылу салтанатына Эстония Президенті мен еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, қойылған бұйымдарды көрді. 

Алар Карис, Эстония Республикасының президенті:

-Солтүстік халықтары үшін қолғап әрдайым өмірдің табиғи серігі болып келген. Менің ойымша, бұл Қазақстанға да тән. Бірақ қолғаптың мағынасы бұдан да терең, бұдан да астарлы. Ғасырлар бойы оған адамның мінезі, өмірге көзқарасы, сұлулықты сезінуі, тіпті отбасының таңбасы мен қорғаушы ишаралары өрнектеліп отырған. Әр қолғаптың ішінде бір адамның тарихы бар.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

-Көрменің атауы терең мағынаға толы. Ол тек қолөнер мен шеберлікті ғана емес, екі ел халқына тән жылы да сенімді қарым-қатынасты білдіреді. Қол мен қолғаптың бір-бірін толықтырғаны сияқты біздің мәдениеттер өз болмысын сақтай отырып, дәстүрді қорғау мен оны дамыту жолындағы ортақ ұмтылыстың үйлесімін табады

Көшпелі көрме бұған дейін Европаның бірқатар елінде көпшілік назарына ұсынылып, Қазақстанға келіп отыр. Келушілер қолғап өрнектерінің мән-мағынасымен танысып, дәстүрлі ою-өрнектің ерекшеліктерін біле алады. Бұл жоба екі елдің ұлттық музейлері арасында байланыс орнатуға да сеп болды. Енді біздің музей алдағы жылдары Эстонияда көрме өткізуі мүмкін.