Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдолимпиялық ойындарда Қазақстан құрамасы тарих жасады. Сурдодзюдошыларымыз командалық жарыста қарсыластарының бәрін қапыда қалдырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан орын сайлады. Алдымен ширек финалда жерлестеріміз жарыс қожайындарын жеңсе, жартылай финалда Италиядан басым түсті. Алтын медаль үшін біздің жігіттер француздармен айқасты. Тартысты өткен кездесуде табандылық танытқан дзюдошыларымыз жеңіске жетіп, көк туымызды биіктен желбіретті. Қыздарымыз да намысты қолдан берген жоқ. Шың басына бір қадам қалғанда Украинаға есе жіберген Қазақ елінің бұрымдылары күміс жүлдеге қол созды. Алматыда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында ІІ Әлем чемпионаты басталды. Жарысқа 21 елден 180 адам қатысуда. Нақтырақ айтсақ, Орталық Азия елдерінен бөлек Моңғолия, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Германия, Италия, Оңтүстік Корея және Түркиядан тоғызқұмалақшылар келді. Ойынның «блиц», «рапид» түрі офлайн болса, «классикалық тоғызқұмалақ» онлайн және офлайн форматта өтеді. Олар топтық және жекелей сынға түсіп, 22 қарашаға дейін үздіктерді анықтайды. Жарыстың жүлде қоры 5,5 миллион теңге. Ұйымдастырушылардың мақсаты – тоғызқұмалақ арқылы жастардың зияткерлік қабілетін дамыту, халықаралық ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайту.
Хана Котинова, Чехия тоғызқұмалақ федерациясының президенті:
-Чехияда тоғызқұмалақ ойыны жақсы дамып келе жатыр. Біздің жастардың осы ойынға деген қызығушылығы артуда. Бізде 2024 жылы тоғызқұмалақтан клубтық ойын ұйымдастырылды. Бүгінгі чемпионатқа жақсы ойыншыларды алып келдік.
Әкім Тұрсын, ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының президенті:
-Алдағы уақытта тоғызқұмалақты дүниежүзілік аренада дамыту үшін, ол жаңағы универсиадамыз бар, паралимпиада, сурдалимпиада сол ойындардың түріне тоғызқұмалақ ойынын қосу. Өздеріңіз білесіздер оған бізде потенциал бар, ЮНЕСКО мойындаған.
Алғашқы әлем чемпионаты 2023 жылы Алматы қаласында өтіп, оған 17 мемлекеттен 136 спортшы қатысқан.