Мергендер олжалы оралды
Қазақстандық мергендер дүниежүзілік жарыстан олжалы оралды. Бұл тарихи жетістік. Бұрын-сонды жерлестеріміз әлем чемпионатында командалық сында жүлде алмаған екен. Ерлер арасында 25 метрдегі нысананы тапаншамен атуда ұлттық құрама өкілдері үздік үштікті түйіндеді.
Атап айтсақ, Никита Чирюкин мен Кирилл Федькин және Артемий Кабаковтар қоржынымызға қола медаль салса, артынша қыздар да осы биіктен көрінді. 50 метрдегі нысананы винтовкамен көздеуде Александра Ле, мен Елизавета Безрукова және Арина Малиновская үштігі мүлт кеткен жоқ. Осылайша Ольга Довгун шәкірттері үшін биылғы әлем біріншілігі табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Дүниежүзілік додаға әлемнің 71 елінен 700-ге жуық спортшы қатысқан болатын.
Жаңа спорт кешені ашылды
Қазақ спортының қара шаңырағы тағы бір игі бастаманың ұйытқысы болды. Алматыдағы «Қазақ спорт және туризм академиясы» жанынан жас палуандарға арналған заманауи үлгідегі спорт кешені ашылды. Енді мұнда бір ауысымда 700-ге жуық спортшы жаттыға алады. Аумағы мың шаршы метрдің қамтитын жаттығу залында төрт кілем төселген. Яғни мұнда күрестің барлық түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Оларға білікті мамандар тәлім беретін болады.
Қайрат Закирьянов, Қазақтың спорт және туризм академиясының президенті:
- Бұл шаңырақтан талай саңлақтардың түлеп ұшқаны тарихта жазулы тұр. Жақсылық Үшкемпіров пен Анатолий Быков, Шәміл Серіков пен Валерий Резанцевтердің жолын кейін Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрмуков, Нұрбақыт Теңізбаев сынды мықтылар жалғастырды. Әлі талай Олимпиада мен әлем чемпиондарына шығарына менің сенімім мол. Өйткені біздер талантты жастар жетіп артылады. Ал оларға жағдай жасау – біздің міндетіміз.
Күрес залының ашылуына спорт саңлақтары мен ардагерлер арнайы келіп, жас палуандарға сәттілік тіледі. Ал Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадыраев пен Ғұсман Қырғызбаевтар шеберлік сабағын өтті.