Дәстүрлі додаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірінен 420 үміткер келіпті. 2006-2007 жылы туған жас өрендер енді 16 қарашаға дейін боз кілемде бақ сынап, өзара мықтыларды анықтайды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы спортшыларға сәттілік тіледі. Олимпиадалық спорт түрлерінің бірі саналатын еркін және әйелдер күресі бүгінде әлемдік деңгейде қарқынды дамып келеді. «Осы тұрғыда Сабыр Рақымов турнирі жас спортшылардың тәжірибесін толықтырып, шеберлігін шыңдауға зор мүмкіндік береді»,–дейді өңір спортының басшысы.
Азия құрлығында әлем чемпионатының бесінші іріктеу кезеңі басталды.
Яғни топтық турнирде жолы болмағандар енді соңғы жолдаманың жалына жармасып қалғысы келеді. Жеребе Біріккен Араб Әмірліктері мен Иракты жолықтырған болатын. Екі кездесудің қорытындысы бойынша қай жеңгені көктемгі плей-офф кезеңіне шығып, құрлықаралық кездесуде бақ сынайды. Кеше Абу Дабиде алғашқы ойын өтті. Арабтар өз алаңында жеңіске жетуді көздеген. Бірақ ол жоспарлары жүзеге аспады. Есепті Ирак футболшылары ашқан. Аль Хамади болған мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Алаң иелері 8 минуттан кейін таразы басын теңестірді. Голдың авторы - Луан Переира. Араб қақпашы Эсса қырағылық танытпағанда Ирак ірі есеппен жеңіске жетер ме еді? Үзілістен кейін алаң иелері жинақылық танытқандай болды. Тіпті соңғы минуттарда жеңіс голын соғып жергілікті жанкүйерлердің төбесі көкке екі елі жетпей қалған. Алайда офсайд тіркеліп гол есепке алынған жоқ. Енді төрт күннен кейін қос құраманың тағдыры Иракта өтетін қарымта ойында шешіледі.
Теннистен жылдың қорытынды турнирі мәреге жақын.
Әзірше жұрт жаға ұстайтындай жаңалық бола қойған жоқ. Жанкүйерлер сенім артқан мықтылар жартылай финалға жетті. Янник Синнерден кейін Испандар үкілеген Карлос Алькараста топтық турнирді сәтті аяқтады. Кеше корт иесі Лоренцо Музеттимен кездескен Испан теннисшісі екі сетта 6:4, 6:1 есебімен басым түсті. Осылайша Новак Джоковичтің орнына мықтылар жарысына қатысқан Музетти жарысты аяқтаса, Алькарас енді жартылай финалдағы қарсыласын күтеді. Неміс Александр Зверев пен Канадалық Феликс Оже Альяссим бүгін өзара күш сынасып, жеңімпазы Алькараспен жұп құрайды.