Қазақстан құрамасы ӘЧ іріктеу кезеңіндегі соңғы кездесуін Бельгияға қарсы өткізеді

  • 6
  • 13.11.2025, 19:45

Қазақ елінің футболшылары әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі соңғы кездесуін өткізеді. Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, жауапкершілігі жоқ болса да соңғы ойын біздер үшін сынақ болғалы тұр. Әсіресе бас бапкер үшін. Талғат Маруаұлының мәселесі осы ойыннан кейін шешілуі әбден мүмкін. Егер өткен турдағыдай жігіттер келісті ойын көрсетіп жатса, келісімшарт мерзімі ұзарады. Ал команданың кежегесі кейін тартса, шетелден бапкер шақыртқысы келгендер қол соғып қуанады. Қарсылас осал емес. Еуропаның белді құрамаларының бірі Бельгия. Байсуфинов бұл ойынға тас-түйін дайынбыз дегенді айтады. 

Ескертулеріне байланысты ертеңгі ойынға Бақтияр Зайнудинов пен Исламбек Қуат қол ұшын бере алмайды. Ал Нұралы Әліп алғашқы минуттардан алаңға шығуға дайын. Яғни Зенит қорғаушысы жарақат алды деген жел сөз екенін футболшының өзі айтты.

Бельгия құрлықтағы беделді құрамалардың бірі дегенді айттық. Бірақ футболшыларының артық аяғы немесе қос қанаты жоқ. Сондықтан жігіттер жасыл алаңда жанын салуы тиіс. Ал бас бапкер Талғат Байсуфинов шәкірттерінің жігерін жанып, намысын қамшылай алады деген сенімдеміз.

Сербия сырт алаңда сүрінбейді

Жолдама мәселесін күн ерте шешіп қойған ағылшындар алаңсыз әлем чемпионатына дайындықты бастап кетті. Іріктеу кезеңінде ірілік танытқан Англия құрамасына қалған екі ойын жолдастық кездесу іспеттес.

Томас Тухел шәкірттері өз алаңында сербтерді қабылдайды. Үш ұпай қонақтарға қажет. Өйткені ендігі тартыс екінші орын үшін Албания мен Сербия арасында өтеді. Албандар бүгін Андорраны қабылдап, жеңіске жетіп, сербтер сүрініп жатса, екінші орынның иегері де белгілі болады. Англия құрамасын жаттықтыратын Томас Тухел бапкер бұған дейін қосалқы құрамда отырған жігіттерге мүмкіндік беремін деп отыр. Алаң иелері де жергілікті жанкүйерлер алдында жеңісті бере салмасы түсінікті. Сондықтан  Лондондағы Уэмбли стадионында тартысты ойын болғалы тұр.