Мысырдың Каир қаласында нысана көздеуден әлем біріншілігі өтіп жатыр. Бұл сынға 71 елден 697 мерген келіпті. Қазақстан қоржынына алғашқы медальды қыздар салды. 50 метрден тапаншамен командалық нысана ату сайысында Александра Ле мен Елизавета Безрукова және Арина Малиновская үштігі қолаға қол жеткізді.
Семей қаласында дзюдодан ел біріншілігі өтіп жатыр.
Кеше бес салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Қыздар арасында 57 келі салмақта Дана Әбдірова дара шықты. Ол финалда татами иесі Карина Қарекеновадан айласын асырса, 63 келіде Дамеля Асылханованың асығы алшысынан түсті. 70 келіде Абай облысының намысын қорғаған Ажар Асхат қарсылас шыдатпады. Ол финалда жерлесі Кристина Сотникованы сан соқтырды. Ерлер арасында жаңа есімдер жарыққа шықты. 73 келіде батысқазақстандық Аңсарбек Ғайнуллин Дастан Шаяхметовты жеңіп, ел чемпионы атанса, маңғыстаулық Асқар Нарқұлов 81 келіде топ жарды.
Сауд Арабиясында Ислам Ынтымақтастығы ойындары өтіп жатыр.
Дәл осы күндері Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласында Ислам Ынтымақтастығы ойындары өтіп жатыр. Әр төрт жыл сайын келетін дәстүрлі дода осымен 6-шы рет ұйымдастырылып отыр. 56 елдің ұл-қыздары қатысып жатқан кешенді сында қазақ спортшылары да бар. Әзірше қоржынымызға 25 медаль түсті. Оның 8-і алтын 6-уы күміс 11-і қола. Кеше ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы 94 келі салмақта жеңімпаз атанса, каратэші Никита Тарнакинде топ жарды. Сол секілді суға жүзу спортынан да қыз-жігіттер біраз жүлде жиып алды. Эстафеталық жарыста Әділбек Мусин бастаған Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды. Футболдан 2028 жылғы Еуропа біріншілігін төрт ел бірлесе қабылдайды.
Яғни Ағылшындар мен Шотландия және Уэльс пен Ирландия құрлық додасын қабылдауға қазірден тас-түйін дайынбыз деп отыр. Әрине жұмыла көтерген жүк жеңіл. Төртеу түгел болған соң теңбіл доп додасын өткізуге ешқандай кедергі жоқ. Өйткені бұл елдерде заманауи үлгіде салынған стадиондар жетіп артылады. Негізгі басымдық Ағылшындар беріліп отыр. Яғни құрлық додасының көптеген ойындары Лондондағы Уэмбли мен Тоттенхэм Хотспур, Манчестердегі Этихад пен Ньюкаслдағы Сент Джеймс Парк сол секілді Эвертон стадионы мен Бирмингемдегі Вилла Паркте өтеді. Ал Шотландия тарапынан Хэмпден Парк, Ирландияның Дублин аренасы және Кардифтегі Милленним стадиондары да Еуро біріншілігін қабылдайды. Құрлық додасының іріктеу кезеңі келер жылы басталады.
Әлемнің ең үздік 8 теннисшісі Италияның Турин қаласында бас қосты.
Новак Джокович жарысқа қатысудан бас тартқан соң әлемдік рейтингіде 9-шы сатыда тұрған корт иесі Лоренцо Музеттиге мүмкіндік берілді. Осылайша 2 топқа бөлінген 8 мықтының арасындағы айқастар басталып та кетті. Джимми Конорс тобында Испаниялық Карлос Алькарастың қарқыны күшті. Алдымен австралиялық Алекс де Минордың осыл тұсын тапқан Алькарас, кеше америкалық Тэйлор Фрицпен болған тартысты ойын да өз пайдасына шешті. Есеп 6:7, 7:5, 6:3. Ертең Алькарас корт Музеттимен кездеседі.
Жандос Айтбай