Ресейлік компания үш қалада жылу электр орталықтарын салмайтын болды

  • 81
  • 31.07.2025, 18:38

Биыл 19 млн текше метрден астам баспана қолданысқа беріледі. Бұл рекордтық көрсеткіш. 300 мың адам көгілдір отынға қолы жетсе, пойыздардағы қолайсыздықтардан мезі болғандарға бөріктерін аспанға ата берсе болады. Үкімет 175 жаңа вагон аламыз деп отыр. Тағы бір маңызды жаңалық. Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларына жылу электр орталықтарын Ресей салмайтын болды. Журналистер алдына шығып есеп берген миинстрлер кабинетінің мүшелері Президент тапсырмаларына сәйкес жарты жылда атқарылған істер мен қалған жарты жылда не істелетіні туралы баяндады. 

Бектеновтың бірінші орынбасары бастап Көлік, Өнеркәсіп, Энергетика және Экология министрлері қостап журналистердің алдына шықты. Әуелі мемлекеттік тілде Василийұлы Скляр сөйледі, сөйлегенде бүй деді.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Өнеркәсіпте жарты жыл ішінде өндіріс көлемі 28,9 трлн теңгені құрап, 6,5%-ға өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 13,7 трлн теңгеге өнім өндірді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5,5%-ға жоғары. Өңдеуші сектордың елдің жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі - 12,4%. Бұл өсім машина жасау (+11,1%), химия өнеркәсібі (+7%), құрылыс материалдарын өндіру (+8,6%) және азық-түлік өнімдері (+10%) көрсеткіштерінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Биыл жалпы құны шамамен 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде оның 196 млрд теңге сомасына 47 жоба іске қосылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылған екен. 

Алайда журналистердің бірі Үкімет мүшелеріне бүгінге дейін «мынау Қазақстандыкі» деп ауыз толтырып айтатындай не істелді деп сұрақ қоюы сол-ақ екен, ашуына мінген Роман Василийұлы сенсацияға бергісіз мәлімдеме жасап жіберді. Әлемдегі теңдессіз металлургия зауыты біздің Қазақстанда екен. 

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Мүмкін сіз бұған сенбейтін шығарсыз, бірақ мен жауапты түрде мәлімдеймін. Бүгінгі күні бұл кәсіпорын әлемдегі ең алдыңғы қатарлы, технологиялық тұрғыдан ең озық металлургиялық зауыт. Иә, ертеңгі күні одан да жаңасы басқа елдерде салынатын шығар, бірақ Қостанайдағы зауыт дәл қазір нөмір бірінші. Неге дейсіз ғой, бір ғана мысал. Бұл металлургиялық кәсіпорын, яғни металл балқытады, бірақ онда мұржа жоқ, себебі түтін, т.б өндірістік қалдықтар шықпайды.

Вице-премьер Сарань қаласындағы дөңгелек жасау зауытын да мысалға келтірді.  Құны жарты млрд доллардан асатын кәсіпорында 800-ден астам алдыңғы қатарлы жабдықтар тұр. Скляр мырзаның айтқаны рас болса, шағын ғана моноқалада тұрған дөңгелек зауытына технология тұрғысынан тең келетін кәсіпорын әлемде жоқ екен. Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары биыл құрылыс саласы да қыз-қайнап тұрғанын атап өтті.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Үкімет мүшелері баяндағандай, биыл құрылыс қарқыны қатты. «Жыл соңына дейін рекордты 19 млн шаршы метрден астам түрғын үйді қолданысқа береміз», - дейді. Жалпы құрылыс қарқынының қаттылығы соншалық, абаттандыру жұмыстары көптен бері жөндеу көрмеген Үкімет ғимаратының алдына да жеткен. 

Құрылыс компаниялары қосылған құн салығына байланысты ертең үйдің бағасы қымбаттамай ма деген сауалға үкіметтегілер жоқ деп сендірді. Себебі Салық кодексі бизнестің бөлшектенуіне тосқауыл болуға тиіс.

Стратегиялық маңызы зор тағы бір бағыт – отын энергетика саласы. Жылына 85-90 млн тонна мұнай өндіргенімізбен оның барлығы ішкі сұранысты өтеуге бағытталмайды. Ал жанар-жағармайды тұтыну көлемі артып келеді. Елдегі мұнай өңдейтін 3 зауыттың қуаттылығы ендігіде жетпей қалуы да мүмкін, тиісінше Шымкент зауытының өнімділігін 6 млн тоннадан 12 млн-ға жеткізу жоспары бар екенін айтты Скляр мырза. Бұл меже Павлодар мен Атырауда да айтарлықтай ұлғайтылмақ. Жылу энергетикасына келсек, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында Ресей салуы тиіс болған жылу электр стансаларын еліміз өзі салатын болды.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Бір елдің компаниясы басқа елге өзінің технологиясы мен құрылыс жабдықтарын экспорттаса, оған жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қаражат беріледі. Жылу электр стансаларын салуға міндеттелген Интер РАО компаниясы аталған қаржыны ала алмауы себепті электр стансасын өзіміз саламыз деп шештік. Отандық «Самрұқ-Энерго» Көкшетауда жұмысты бастап кетті. Семей мен Өскемендегі жылу электр станцияларына да осы электр энергиялық холдингі тапсырыс беруі мүмкін. 

Еліміздегі инвестициялық штаб жыл басынан бері 71 жобаны майшаммен қарап, іске асыру мәселелерін пысықтап жатыр екен. Жалпы құны 60 млрд доллар.

«Жалпы алғанда Президент қойған міндеттердің барлығы бақылауда», - деп сендірді Скляр мырза.

Берік Дүйсенбай, Айбек Ақшолақов