Еліміз үшін астықты экспорттайтын жаңа нарыққа жол ашылды.
Енді Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия және Ұлыбритания қазақтың арпа бидайын сатып алады. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Еуропа одағы агроөнеркәсіп кешені саласында да негізгі сауда-экономикалық серіктестік екенін мәлімдеген болатын. Бұл бағытта былтыр қарт құрлықпен арада 1,3 млрд АҚШ долларына алыс-беріс жасалған. Енді астық та тұрақты түрде жеткізілмек. Қазір Эстония және Латвиямен Балтық порттарын транзиттік торап ретінде пайдалану жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Астықты сыртқа шығаруда биыл тағы бір жетістікке қол жетті. Соңғы жылдары Әзербайжан, Гүржістан және Түркия бағытында тоқтап қалған тасымал қайта жанданды.
Былтырғы жылдың қыркүйегінен бері 10 айда 12 млн тонна астық экспортталған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 34 пайызға көп. Елдер бойынша атап айтсақ, экспорт көлемі Өзбекстанға 28%, Тәжікстанға 39%, Қырғызстанға 2,5 есе, Иранға 17, ал Әзербайжанға 120 пайызға ұлғайған.