Солтүстік Қазақстан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда-саттық байланысы нығайып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы жарты жылдың ішінде арадағы алыс-беріс 258 млн долларды құраған. Оның басым бөлігі – импорт. Ал экспорттың бәсін арттыру үшін отандық тауар өндірушілерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
Бұл Петропавлдағы экспорттық әлеуеті жоғары зауыттардың бірі. Өндіріс орнында тұрмыстық химия, пластик бұйымдары мен азық-түлік өнімдері шығарылады. Былтыр кәсіпорыннан 700 млн теңгенің тауары экспортталды. Оның басым бөлігі Ресейге сатылды.
Виктор Молодовский, кәсіпорынның басқарма бастығы:
- Біз Ресей Федерациясымен тығыз байланыс орнаттық. Сонымен қатар қазір Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения елдерімен де келіссөздер жүріп жатыр. Еурзаиялық экономикалық одақ – үлкен нарық. Сондықтан бұл кеңістікті толық қамтып, бәсекеге қабілетті өнім шығарып жатырмыз.
Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін нығайту үшін Қазақстанда экспорттаушыларды қолдау және өнімді шетелде ілгерілету шаралары қабылданды. Президент тапсырмасы бойынша жыл басынан бері бизнесті қолдауға 400 млрд теңге бөлінді.
Марал Нұржауыпова, Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
- Экспорттың басым бөлігін ауыл шаруашылығы техникалары, жабдықтары мен қосалқы бөлшектері құрайды. Нақтырақ айтсақ, 38,7 пайызға тең. Сонымен қатар пластмас және тоқыма өнімдері көп шығарылады.
Президент былтырғы Жолдауында экспортты дамытып, отандық тауар өндірушілерді қолдау керектігін тапсырған болатын. Бұл ретте Үкімет бизнесті жүргізудің ашық қағидаларын әзірлеп, сыртқы нарыққа шығуға халықаралық инфроқұрылым қалыптастырды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков