Қазақстанның шикізаттық емес экспорт пен сауда көлемі 8,6%-ға өсті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Мамандар ахуалдың оңалуына сыртқы нарықтың кеңеюі және инфрақұрылымның жақсаруы әсер еткенін айтады. Әсіресе агроэкспорт ұлғайыпты. Биыл алты айда сыртқа 36 млрд доллардың тауары сатылған.
Қазақстан өзге елдермен алыс-беріс жасауға бұрыннан ерекше мән береді. Бұл бағытта соңғы онжылдықта үлкен іркіліс жасалды. Нәтижесінде қазір 127 мемлекетпен суда жасаудамыз. Оларға бізден 3300 түрлі шикізат пен дайын өнім экспортталады. Ірі сауда серіктестеріміз Қытай, Ресей, Өзбекстан, Тәжікістан мен Қырғызстан елдері.
Нұрлан Құлбатыров, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:
- Тек қана дәстүрлі нарықтар емес. Солтүстік Африка, Таяу Шығыс елдеріне де көптеп сұраныстар артуда. Ең көп экспортталатын бидай, одан кейін өсімдік майы. Ұн және ұн өнімдері.
Нарық кеңейген соң сатылым да жақсарған. Биыл әсіресе ауылшаруашылық тауарларының экспорты артыпты. Сыртқы сауданың көлемі жарты жылда 36 млрд АҚШ долларынан асыпты. Әсіресе өсімдік майына сұраныс жоғары.
- Соңғы біздің бақылап отырғанымыз 340 млн АҚШ долларына Қазақстан өсімдік майын саудалап отыр. Ол деген үлкен көрсеткіш. Жақын арада жол картасын әзірледік. Орта мерзімде бұл көрсеткішті 1 млрд-қа дейін үлкейту мақсаты тұр. Бұл орайда қауымдастықтар, май өндіруші зауыттар бар. Сауда министрлігі, Үкімет, барлығы бірігіп жұмыс істеп отыр.
Жоспарлы жұмыстар қатарында жаңа зауыттар салу да бар. Олар Оңтүстік, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында бой көтеретін болады. Үкімет экспорт көлемін арттыру және бизнесті қолдау күшін келіссөздер жүргізіп, электрондық сауда алаңдарына шығу бағыттарда да жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қытай провинцияларында серіктестік кеңселер, өкілдіктер және ұлттық павильондар іске қосылуда. Ондай нысандар Чэнду, Үрімші, Нанкин және Шаньдун провинцияларында бар. Өзбекстанда «Термез» халықаралық сауда орталығының аумағында қазақстандық өнімдердің сауда павильоны ашылды. Қазақстандық тауарларды халықаралық электрондық алаңдарда ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, олардың арасында jd.com, Doiyin, Alibaba сияқты сауда-саттық алаңдары бар. Жақын арада біз Amazon-ға анағұрлым кең көлемде шығамыз.
Айта кетейік, Қазақстанда 270 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тіркелген. Ал кәсіпкерлер саны 2 млн асты.
Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхаметәлі Тідебаев