Ел экономикасын дамыту үшін инвестиция тарту айрықша маңызды. Президент халыққа арнаған Жолдауында осы бағытқа кеңінен тоқталған. Елімізде инвестициялық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі – Павлодар облысы. Географиялық орналасуы қолайлы әрі инфрақұрылымы жақсы дамыған.
Павлодар облысында 2032-ші жылға дейін 100 инвестициялық жоба жүзеге асады. Шамамен 13 мыңдай жаңа жұмыс орыны ашылады деп жоспарланған. Бұл энергетика, химия өнеркәсібі, машина жасау сынды көптеген саланы қамтитын өндірістер.
Дархан Ермағамбетов, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Облысқа жеті айда жарты триллион теңгенің инвестициясы құйылды. Жылдың қортындысы шыққанда көрсеткіш былтырғы жылдан асып түсетінін бағамдап отырмыз. Бүгінгі таңда жүзден астам инвестициялық жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Жоспар бойынша биыл шамамен 20-25 жоба қолданысқа енуі тиіс.
Өңірде бизнестің дамуына қолайлы климат қалыптасқан. Салықтық жеңілдіктер, дамыған инфрақұрылым инвесторларды өзіне тартады. Мәселен, мына кәсіпорын жуырда ғана жұмысын бастады. Теміржол, энергетика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, мұнай-газ секторына қажетті бұйымдар жасайды. Зауытқа тартылған инвестиция көлемі 17 миллиард теңгеден асады.
Сағыныш Нұркімбаев, зауыт директоры:
- Біздің кәсіпорын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Бұл жерде кедендік және салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Барлық инфрақұрылым бар. Келешекте өндіріс ауқымын кеңейтуді көздеп отырмыз.
Өңірге инвестиция тарту жұмыстары жалғаса береді. Инвесторлардың Павлодар облысын таңдауы бекер емес. Өңірде шикізат қоры мол. Бизнесті өркендетуге қолайлы жағдай да жасалған.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков