Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен әкімдер экономиканың құрылымын өзгерту мәселесіне баса назар аударуын, еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктер қарастыруын тапсырған болатын. Жалпы ішкі өнімді 2 еселеу межесін белгілеп, заман талабы мен сын-қатерлер шегінде сауатты экономикалық саясат жүргізу бағдарын белгіледі. Не істеліп жатыр, не істелмек?
Берік Дүйсенбай, тілші:
- 150 млрд доллар тікелей инвестиция тартып, экономиканы әртараптандыра отырып, мыңдаған жұмыс орнын ашу. Былтыр Мемлекет басшысы экономиканы екі еселеу межесін қойды, не істеліп жатыр деп сұрайтын уақыт қазір. Үкімет атқарылып жатқан және жоспардағы жобалар жайлы бөлісті. Биыл 7 айда экономиканың өсімі 6 пайыздан асқан. Әсіресе көлік, құрылыс, сауда, тау-кен саласы мен өңдеу өнеркәсібінің үлесі жоғары.
Нақты сектордағы өсім 8,3% болса, қызмет көрсету саласы 5 пайыздан асады. Бұл әлбетте статистика. Экономиканың өсімі сандармен емес, нақты қадамдармен айшықталады әдетте. Маңызды бағыттың бірі – өңірлерді дамыту. Биыл 2025-2030 жылдарға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасы белгіленді.
Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Өңірлерді дамытуда әлеуметтік, инженерлік және көлік объектілеріне қол жеткізудегі алшақтықты жоюға ерекше назар аударылды. Бүгінде өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес елді мекендердің қамтамасыз етілу деңгейі 64 пайызды құрайды. Ал 2028 жылға дейін 70 пайызға дейін өсу болжануда.
Сондай-ақ министрлік моноқалаларды дамыту бойынша жаңа шаралар әзірледі. Атап айтқанда ірі кәсіпорындар мен жергілікті өндірушілер арасында ұзақ мерзімді мәмілелермен офтейк-келісімшарттар жасау, индустриялық аймақтар құру, шағын және орта бизнесті дамыту және тағы да басқа шаралар қамтылған. Өңірлерді дамыту ісінде ауыл аймақтардың орны бөлек. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына 2019-2024 жылдар аралығында 700 млрд тг бөлініп, 6 мыңнан аса әлеуметтік және инженерлік нысандарды дамытуға бағытталды.
- Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады. 500 ауылда жалпы сомасы 200 млрд теңгеге жобалар іске асады. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша биыл 50 млрд тг бөлінді. Алдағы 3 жылдыққа 450 млрд тг бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржыға ауылдардағы 25 мыңға жуық кәсіп қолдау табатын болады.
Экономиканы еселеудегі ерекше рөл инвестицияда. Бұл бағытта да ауқымды істердің басы қайырылған және қайырылмақ. 2022-24 жылдар аралығында экономикаға 69 млрд доллар инвестиция тартылды. Оның 22 пайызы өңдеу өнеркәсібі, 39 пайызы тау-кен өнеркәсібі саласына бағытталды. Қазір инвестициялық штабтың қарауында жалпы құны 70 млрд доллардан асатын 137 жоба бар. Бұдан бөлек, инвесторлар құқығын қорғау үшін, атап айтқанда әкімшілік кедергілерді жою мақсатында заңнамаға 140-тан астам өзгеріс енгізілді. Жобаларды сүйемелдеу және бақылау, ұлттық инвестициялық платформа мен сол секілді жасыл дәліз тетігі енгізілді.
Атап өтетін жайт, қазір өндіруден дайын өнімге дейінгі тізбекті қамтитын жобаларды инвестицияларға басымдық берілуде. 2019 жылы экономикаға құйылатын қаражаттың тең жартысы шикізаттық секторға бағытталса, қазір өңдеуші өнеркәсіптің үлесі артып келеді. Агроөнеркәсіп кешеніне де бұл үрдіс келіп жатыр.
Ақмола облысында жылына 1 млн тонна бидайды терең өңдей алатын жоба қолға алынды. Экономиканың орнықтылығын қамтамасыз ететін көрсеткіш шағын және орта бизнес десек, 2030 жылға қарай оның ЖІӨ-гі үлесі 40 пайызға жетпек. Жаңа Салық кодексі үкіметтегілердің айтуларынша, кәсіптің тынысын кеңейтіп, жұмысына қан жүгіртуі тиіс.
Берік Дүйсенбай