Жамбыл облысында отандық тауарлар экспорты 2,5 есе артты

  • 21
  • 02.09.2025, 19:35

Жамбыл облысында отандық тауарлардың экспорты былтырғыға қарағанда 2,5 есе артқан. Экспорт көлемінің өсуіне аймақтағы химия, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясындағы зауыттардың мол өнім шығаруы себеп. Тауар өндірушілерге мемлекеттен қолдау бар. Отандық өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға қолғабыс та жасалып жатыр. Соның арқасында шағын зауыттар да тауарын сырт елге сатып жатыр. 

Тараздағы тұрмыстық химия тауарларын өндіретін мына зауыт өз жұмысын 5 жыл бұрын бастаған. Бастапқыда кішігірім цехта сабынның бір түрін жасаған. Қазір 100-ден аса экологиялық тауар шығарады. Оның ішінде тұрмыстық және автохимия, косметика мен сусабынның сан түрі бар. Зауытта 40-тан аса жұмысшы еңбек етеді.

Рано Шадыханова, зауыт басшысы:

-Өнімді жасаған кезде сапалы қауіпсіз және экологиялық тазалыққа ерекше мән береміз. Ең басты технологияларын біз Германиядан алған едік. Қазіргі таңда өзіміздің технологтарымыз бар. Лабаранттарымыз бар. Зертханамыз бар. Өз-өзімізге қазір керемет формулаларымызды шығарамыз. Автоматтандырылған линияларымыз бар. Сапаны бақылайтын зертханамыз бар. 

Кәсіпорын бір күнде 30-дан 50 тоннаға дейін, ал жылына 50 мың дана өнім өндіреді. Тауарын ел аумағынан бөлек Қырғызстан мен Ресейге де экспорттайды. Сыртқы нарыққа шығуға сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы жәрдемдескен. Мемлекеттік мекеме тауар өндірушілерді халықаралық көрмелерге апарып, өнімін жарнамалайды. Оған қоса былтыр аймақтағы экспорттаушы кәсіпорындардың 123 млн теңге шығынын субсидия есебінен өтеп берген.  

Талғат Шалдарбеков, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы:

-Кәсіпорындарға түрлі деңгейде мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Ол субсидия бөлу, жетіспейтін қаражатқа кепілдік беру, одан бөлек инфрақұрылым тарту. Казтрейд арқылы облысымыздың экспорттаушы кәсіпорындары өзінің тауарларын сыртқы нарықтарға экспорттаған жағдайда тиісті шығындарының субсидиясы өтеледі. 

Жамбыл облысында өнеркәсіп саласында 900-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 40-ы ірі зауыт. Жыл басынан бері аймақта 745 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Оның ішінде химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы мен тамақ өнімдері, экспортталатын тауарлардың үздік үштігіне кіреді. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан