Қостанай облысында азық-түлік өндірісі 15% артқан

  • 67
  • 03.09.2025, 19:44

Қостанай облысы агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 60 процентке жеткізді. Яғни ішкі нарықтағы азық-түлік түрлерінің басым бөлігі жергілікті өнім. Сырты сауда да артып келеді. Соңғы алты айда 386 миллион доллардың ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылған. 

Қай дүкенге барсаңыз да, сөрелерде көзге таныс өнімдер. Сүт, қаймақ, ірімшік, ет тағамдары. Қазір шетелдік бәсекелестеріне қарағанда өтімі де жақсы. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Елімізде дүкен сөрелеріндегі отандық азық-түлік өнімдерінің үлесін 50 процентке жеткізу міндеті қойылған болатын. Ал Қостанай облысында ресми мәлімет бойынша шұжық өнімдерінің 70 проценті, сүт өнімдерінің 80 проценті жергілікті жерде өндірілген.

Отыз жылға жуық шұжық өндірісімен айналысып келе жатқан Валерий Разумовичтің компаниясы өндірген өнімдер өңір халқына жақсы таныс. Қазір олар еттен 240 өнім түрін жасайды. Күніне 10 мың келі шұжық шығарады. Тек қана ет өңдеу комбинатында 250-ге жуық адам жұмыс істейді. 

Мариян Назарбаева, цех жұмысшысы:

- Мен 15 жыл істеп жатырмын. Сіңілім 20 жыл істеп жатыр. Осында келгенде 15 шақты шұжық болған. Енді қазір ассортимент өсіп жатыр.

Компания басшысының айтуынша, Ресей, Беларусь елдерімен бәсекеге түсу оңай емес. Бізге қарағанда оларда мал еті арзан. Қостанайдағы кәсіпорынның басымдық танытар тұсы – халал өнім шығарады және баға, сапа жағынан бәсекеге түсу үшін өндіріс топтарының кластерін құруды қолға алған. 

Валерий Розумович, компания басшысы:

- Комбинатты сапалы шиікзатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін құс фабрикасын аштық. Қазір құс етінен тапшылық жоқ. Сондай-ақ қой, жылқыны бордақылау алаңын іске қостық. Қазір ірі қараны семіртетін орын дайындап жатырмыз. Одан бөлек, мал соятын цехтың құрылысы жүріп жатыр. 

Осы өндіріс орындарының бәрі халқы азайып, ажары тая бастаған Жуковка деген ауылда салынды. Қазір құс фабрикасының өзінде ғана 55 адам жұмыс істейді. Үш-төрт жылдың аясында ауылда жаңадан үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халықтың тұрмысы біршама түзеліп қалды. Тізе берсе, өңірде мұндай мысалдар баршылық. Жеті елді мекенде тақыр жерде сүт тауарлы фермасы тұрғызылды. Келер жылы тағы бесеуі салынбақ. Содан кейін сүт өңдеу зауыттары шикізаттан кенде болмайды. Бидайды да өзімізде өңдеу амалы қарастырылып жатыр. 

Нұрсұлтан Шаймұханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Екі инвестор астықты терең өңдеу жобасын жүзеге асырмақ. Бұл зауыт әлемде үлкен сұранысқа ие глютен, крахмал, биоэтанол және лизин сияқты бірегей өнімдерді шығарады. Оның жылдық қуатты 1,5 миллион тонна.

Мемлекет басшысы үш жылда агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнім үлесін 70 процентке жеткізуді міндеттеді. Қостанай мамандары бұл межені бағындыратындарына сенімді.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров