Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақорда дәлізінде еттің бағасына, дәлірек айтсақ, оның қымбаттығына қатысты пікір білдірді.
Еске сала кетсек, әсіресе сиыр етінің бағасы жыл басынан бері үздіксіз көтеріліп келді. Қазір бөлшек саудада Зеңгі баба түлігінің бір келі кесек еті 5 мың, кей жерлерде 7 мыңға дейін жеткен. Өзбекстан тарапынан үлкен сұраныс баға өсуінің негізгі себептерінің бірі ретінде айтылып жүр. Десе де ел Үкіметі көрші елге шығатын қара мал экспортына тиым салды, оны тағы 30 қазанға дейін ұзартты. Соған қарамастан қымбаттау бәсеңдейтін емес. Ішкі фактор да бар, мал азығы, жем-шөп пен оны әзірлеу шығындары артқан және вице-премьер тағы бір себепті атады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Малшылар күні-түні жұмыста. Демалыс жоқ. Еңбек демалысы жоқ. Қазір онда ешкім барғысы да келмейді. Өте ауыр жұмыс. Қалай арзан болады еттің бағасы? Біраз жыл баға, еттің бағасы тұрақты болды. 10 шақты жыл. 2500 тг, 2900 тг. Ол деген мал шаруашылығына негативті әсер етті. Себебі ешкімнің қызықтығы болған жоқ. Баға көтерілді, соған қазір біраз адам бастарын аударып жатыр.