Ақмола облысында агросаланы дамытуға 240 млрд теңге бөлінді

  • 24
  • 09.09.2025, 19:51

Ақмола облысында биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 240 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржының 60 миллиард теңгеге жуығы қайтарымсыз субсидия. «Бұл шаруалардың кәсібін ширатып, мол өнім алуына мүмкіндік береді», - дейді жауаптылар. Өңірде қаржыландыру жұмысы да жылдағыдан ерте басталды. Яғни көктемгі дала жұмыстарына қажет қаражатты шаруалар желтоқсан айында алды. Нәтижесінде диқандар егін себу науқанына ертерек қамданды. Қазір аграрлы аймақта орақ науқаны қызу жүріп жатыр.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңір диқандары 7 млн тоннаға жуық астық жинауға үмітті. Жалпы биыл елімізде шаруаларға бір триллион теңге бөлініп отыр. Президент жаңа Жолдауында мұндай ауқымды қолдау бұрын-сонды көрсетілмегенін атап өтті.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы Үкімет тарапынан мемлекеттік қолдаулар дер кезінде көрсетілді. Бұл өз кезегінде біздің сапалы тұқым алуға, минеральды тыңайтқыштар еңгізуге, техникаларды жаңартуға септігін тигізді. Сонымен бірге биылғы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағдармаласы да қарқын алып отыр. Қазіргі таңнның өзінде 40 млрд теңгеге жуық қаржығы 1115 техника алынды. Біз жалпы жыл соңына дейін техникаларды 8 пайызға дейін жаңартуды көздеп отырмыз.