Биыл 24 млн тонна астық бастырылады

  • 10
  • 23.09.2025, 19:30

Жыл соңына дейін 24 млн тонна астық бастырылады деген үміт бар. Бүгінде еліміздегі жалпы егін алқабының 63,7 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнер. Осылайша 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылды. Десе де, орақ оруға кедергі келтіріп жатқан жайлар да жоқ емес. Мәселені реттеу үшін Үкімет қандай механизм қарастырып отыр? Экспорттық әлеуетіміз қай деңгейде? 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, алдын ала мәлімделген сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырамын. Жалпы солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстаңыздар. Экология министрлігі егіншілерге күнделікті ауа райы болжамы туралы ақпарат беріп тұрсын.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Иә, Премьер-министрдің бұлай тапсырма беруіне негіз жоқ емес. Себебі күннің жауын-шашынды болуы және күрт суытып кетуі жұмыстың мерзімі мен астық сапасына кесірін тигізуі мүмкін. eOtinish бойынша осы мәселеге қатысты қазірдің өзінде 300-ге жуық өтініш келіп түскен. Өтініштердің ең көбі, яғни 300-ден астамы Қостанай облысының фермерлерінен келіп отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Олар астық кептіру жабдықтарын іске қосу және астықты сатып алу бағасына қатысты шағым айтуда. Сондай-ақ кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қоса алмай жүр. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі қажет.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Елімізде биыл 24 млн тонна астық жинау күтілуде. Оның ішінде 16 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Сала минисрінің айтуынша, бұл ішкі нарықтың азық-түлік, жем-шөп, тұқымдық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл майлы дақылдар рекордтық көлемге жетпек. Қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақыл жиналды. Биыл жалпы 4 млн тонна өнім жинау жоспарланған. Сонымен қатар ведомство басшысы негізгі агротехникалық шаралардың бірі жер жырту және тыңайтқыш көлемін енгізу аса маңызды екеніне тоқталды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Биыл жоспар бойынша 1,9 млн тонна тыңайтқыш болса, бүгінгі күні соның 1,8 млн тоннасы енгізілді. Сонымен қатар Үкімет резервінен аванстық төлем ретінде бөлінген бос қаражат зауыттарда әлі де тұр. Осыған байланысты әкімдіктер күзгі агротехникалық жұмыстар аясында тыңайтқыш енгізудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Үкімет басшысы бұл ретте астық жинауға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Тіпті қаражат та молынан бөлінген. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Енді алқап басындағы жұмыстарды  уақтылы аяқтау керек. Бұл өте маңызды мәселе.

Базар сөрелерінде сиыр етінің бағасы шарықтап, 4500 теңгеге дейін жеткен еді. Бағаны реттеу үшін Үкімет экспортқа квота енгізгенін айтты. Сала басшысының айтуынша, енді ет бағасын негізсіз өсіргендер айыппұл арқалайды. Ал Олжас Бектенов Үкімет отырысының соңында орақ науқанының сәтті өтуін ұйымдастыру Серік Жұманғаринге жүктелгенін айтты. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егін орағының сапалы өтуін, оның ішінде Үкімет жанындағы жедел штаб аясында  бақылауды қамтамасыз етсін.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Жедел штаб мәселені жедел шешеді деп сенейік. Дәйім қамбамыз дәнге, қазанымыз дәмге тола бергей!

Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков